Bugin

Орыс келін қазақ дәстүрін дәріптеп немересінің тұсауын кесті - Видео

Қазақ аналарының болмысын терең түсінген

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қызылорданың Жалағаш ауданында тұратын Марина Тебенькова – қазақ салт-дәстүрін аса құрметтейтін жан. Осыдан 35 жыл бұрын Сыр еліне келін болып түскеннен бері қазақ аналарының парасатты болмысын терең ұғына бастадым дейді ол 24 телеарнасы дайындаған сюжетте.

Телеарна тілшілері орыс келіннің жетінші немересінің тұсауын кесу рәсіміне барып қайтты. Үлкендердің батасын алып, өздері өнеге тұтқан жанға ұқсасын деген ниетпен рәсімін жасады. Немересіне ұлттық киім кигізді.

"Өзімнің анам ерте қайтыс болған соң туған анам сияқты болып кетті. Басқа ұлт болғанмен, "сен орыссың" деген жоқ. Сонымен қазақ сияқты тәрбиеледі. Енем не істесе, қасында жүріп соны үйрендім. Қазақшаны кішкентай қайын інім үйретті", - дейді Марина Тебенькова.

Отасқандарына 10 жылдан аса бергенде Маринаның жары өмірден өтіпті. Бірақ орыс келін шаңырақтың туын жықпай, Жалағаштағы жақын-жуықтарының ортасында екі баласын үйлі етіп, немере сүйіп отыр. Барлық ұлттық рәсімдердің жоралғысын жасап, енесі көрсеткен тәлім-тәрбие ізімен ізеттілік жолынан айныған емес деп мақтан тұтты әулет үлкендері.

"Қазақтың барлық кәдесін біледі. Құранын оқытады ата-енесіне. Жұмыс істейді. Ауылда ел-халықтың қуанышына да барады. Ағайын-жекжатқа, көршілерге де сыйлы", - дейді келіннің қайын апасы Бекзада Жүсіпәлиева.

Көктемнің шуақты күнімен қатар келген отбасы қуанышы ағыл-тегіл ақ дастарханмен көмкерілетіні рас. Бауырсағын пісіріп, қымызын сапырып, етін ұсынған Маринаның қазақ аналарына тән бар асылды бойына жия білгенін байқадық.