Bugin

Газ тексеруге келдік: Алаяқты қалай тануға болады?

Ақау тапқан жағдайда, акт толтыруын талап етіңіз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматы қаласында газ құрылғысын тексереміз деп сылтауратып, үйді тонайтын немесе үйдің иесін "ақшаға отырғызып кететін" алаяқтар көбеюде. Осыған байланысты Медеу аудандық әкімдігі алаяқты қалай танып, одан қалай қорғану керегін айтып, кеңес берді.

"Қазір елді сан соқтырып жүрген алаяқтардың көбі – "газды тексеруге келетіндер". Алаяқтар пештің не газ қосылған жердің "ақауы бар, жөндеу керек" деп үй иесінен ақша сұрайды. Бір жағынан, мұндай алаяқтарды шатастырып алу оңай. Өйткені газ қондырғысын орнататын да, оны тексеретін де – жекеменшік компаниялар. Көбінесе, КСК не жер үйдің иелері бірігіп жекеменшік компаниямен шарт жасайды. Шатасу содан басталады", - дейді әкімдік қызметкерлері.

Десе де, мұндай алаяқтың өзін танып қоюға болады. Ол үшін мына кеңестерге құлақ түріңіз:

- Ең алдымен қызмет көрсетуші ұйымға хабарласып, тексеріске адам жібергенін не жібермегенін біліңіз. Оның телефоны коммуналды төлемақы төлейтін түбіртекте жазылып тұр.

- Үйге кіргізер алдында қызметтік куәлігін сұраңыз.

- Әдетте, жоспарлы тексеріс кезінде бір үй емес, бірнеше үй, тіпті, бір көшедегі үйлердің бәрі тексеріледі. Сондықтан қай үйлерді тексеріп жүргенін сұраңыз, тізімді ашып қараңыз (тізімде көршіңіздің аты-жөні толық жазылуы керек).

- Үйге қызметкердің біреуін ғана кіргізіңіз.

- Тексеруге келген маманды бастан-аяқ қарап, жүріс-тұрысын бақылаңыз, жалғыз қалдырмаңыз ешқашан.

-  Ал ақау тапқан жағдайда, акт толтыруын талап етіңіз.

- Қолға ақша бермеңіз, фискальды чекпен төлеңіз одан да.