Bugin
Мөр Өзбекстанның Наманган қаласынан табылған
Өзбекстанның Наманган қаласынан табылған Қожа Ахмет Ясауидің мөрі қазақшаға аударылды. Түркістандағы “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің мамандары мәлімдеді. Бұл туралы Bugin.kz платформасы inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Музейдің ғылым бөлімінің басшысы Берік Байболовтың айтуынша, аударма кезінде металлдан жасалған мөрде тың деректер жазылғаны анықталған.
Бұған дейін табылған Қожа Ахмет Ясауидің мөрлері тек қағаз күйінде сақталған. Ал, бұл мөр мыстан жасалған әрі алғаш рет табылып отыр. Шағатай тілінде жазылған жазбалар аударылып, қай ғасырға тиесілі екені де анық болды.
“Мұндай мөр жалпы айтқанда Орта Азияда ешкімде кездеспейді. Осы Ибраһим ақсақалдың қолында қазір сақталып тұрған екен. Біздің Түркістанда сақталған мөрлерде он Ахметтің аты жазылады да, ал кешегі қарияның қолынан табылған мөрді біз қазір аудардық. Онда бізге беймәлім үш шейхтың аты белгілі болды. Олар: Ахмет Ысқақ, Ахмет Жаржани, Ахмет Маржани. XIV-XV ғасырға тиесілі мөр екені айдан анық”,- деді Берік Байболов.
Айта кетсек, бұған дейін Өзбекстанның Наманган қаласынан Қожа Ахмет Ясауи шежіресінің бір нұсқасы мен мөрі табылған болатын. Ислам әлеміне әйгілі шейхтардың есімі жазылған құнды мұраларды Ясауидің ұрпағы Ибраһимжан Шарифхужаев қажы сақтап келген. 98 жастағы қарияны Түркістандағы “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің қызметкерлері Өзбекстанға арнайы іздеп барды. Жасы бір ғасырға таяған ақсақал музей қызметкерлеріне ата-бабаларынан жеткен Насабнама қолжазбасын да көрсетті. Шағатай тілінде жазылған екі жарым метрлік қолжазбаны мамандар суретке түсіріп алып, алдағы уақытта зерттемек. Ал, ғұлама ғалым Ибрахимжан ақсақал қолындағы Насабнама шежіресі мен мөрін жаз маусымына таяу Түркістандағы мұражайға табыстамақ.
Музей басшылығы Қожа Ахмет Ясауидің қалдырған мұрасы әлі күнге толық зерттеліп бітпегенін айтады. Әзірге тек 70-тен аса шежіресінің түрі табылған. Сондықтан Орта Азия елдері аумағында “Ясауи ізімен” ғылыми танымдық экспедиция аясында әлі де жұмыстар жалғасады деп отыр.