Bugin

Алматыда үнді фильмі түсіріліп жатыр

Енді қазақстандықтар отандастарын үнді фильмінің сюжетінен көре алады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматыда үндістандық әйгілі "Gaalipata" фильмінің жалғасы түсіріліп жатыр. Бұл туралы  Bugin.kz платформасы  хабарлайды. 

Екінші маусымдағы түсірілім мегаполистің ең әдемі жерлерінде болады. Режиссерлер түсірілім орны ретінде жиырма жерді таңдаған.

Енді қазақстандықтар отандастарын үнді фильмінің сюжетінен көре алады. Онда біздің республикалық деңгейдегі бишілер мен консерваторияның музыканттары өнер көрсетеді.

«Gaalipata-2» – романтикалық комедияның жалғасы. Бірінші фильмнен айырмашылығы: көріністердің жартысына жуығы Алматыда және Алматы облысында түсіріледі. Фильмнің режиссері Йогарадж Бхат көрермен қазақ даласының барлық сұлулығын көре алатындай  түсірілім орындарын мұқият таңдағанын айтты.

Сюжетке сәйкес, балалық шақтағы үш дос - Ганеш, Джиант және Китти - бір уақытта жас қыздарға ғашық болады. Оқиға Үндістаннан басталып, Қазақстанда жалғасады. Фильмнің түсірілімі Шарын шатқалында, Шымбұлақ тау шаңғысы курортында және 28 панфиловшылар паркінде болған.

«Мен кішкентай кезімнен бастап фильмдерде ойнадым. Бұл менің Қазақстанға алғаш рет келуім. Бұл ел менің есімде мәңгі қалады. Әсіресе Көлсай көлі ерекше ұнады»,- дейді актриса Вайбхави Шандилья.

«Қазір біз кинокомиссияда жұмыс істеп жатырмыз. Кинокомиссия Қазақстанда түсірілетін шетелдік жобаларды тартуға, еліміздің жерлерін пайдалануға қызмет етеді. Әзірге бізде ауқымды жобалар жоқ. Басқа елдермен мұндай бірлестік әлі болған жоқ» дейді жобаның желілік продюсері Майра Қарсақбаева.

«Gaalipata-2» романтикалық комедиясының 70%-ы түсірілді. Фильм жаз соңында көрермендерді қуантады.