МӘДЕНИЕТ
Бүгін жазушы Әзілхан Нұршайықов романының желісі бойынша түсірілген телехикая көрерменге жол тартты
2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Astana Media Week кезінде MG Production кинокомпаниясының бас продюсері Ернар Мәліков тележоба бастамақ ойы бар екенін айтқан болатын. Міне, бүгінде бас продюсердің сол ойы іске асып, роман желісі бойынша түсірілген телехикая көрерменге жол тартты.
Телехикая заман қалай өзгерсе де, әлем мың түрленсе де өз құндылығын жоғалтпайтын махаббат тақырыбында түсірілген. Сонымен қатар, бұл жобада тек қана қос ғашықтың өшпес сезімі ғана емес, туған жерге деген құрмет пен адалдық бейнеленеді.
Жобаның кейіпкерлері онлайн кастинг арқылы таңдалған.Басты рөлдердегі Ербол мен Меңтайдың рөліне 8500- ға жуық еріктілер ұсыныс білдірген.Түсірілім 2020 жылдың 19 қыркүйегінде аяқталған.
Басты рөлдегі Ерболдың рөлін Ермек Тұрғанбек сомдайды. Ол өзінің образы арқылы соғыс алаңындағы қайтпас қайсарлық пен махаббатына деген сенімді көрсетеді.
Сонымен қатар, басты кейіпкер Меңтайдың рөлін актриса Нарқыз Айдарова сомдайды. Ол кейіпкердің бойындағы сыпайылық пен ер азаматына деген адалдықты көрсетеді.
"Махаббат, қызық мол жылдар" телехикаясының бірінші бөлімі бүгін Қазақстан телеарнасынан сағат 21:30-да көрсетіледі. Эфир уақыты дүйсенбі-жұма күндері.