Bugin
Әлі жіберіп отырмақ
Ресей Тәжікстанда жүрген орыс мұғалімдеріне 4,5 мың оқулық жіберді. Ол мұғалімдерді көрші ел "Шетелдегі Ресей мұғалімдері" бағдарламасы бойынша Тәжікстанға жіберген. Бұл жайлы Sputnik Тәжікстан хабарлады.
Тәжік мектептеріне орыс тілі мен әдебиеті, физика мен химия, биология, экология, алгебра мен геометрия пәнінің жаңа оқулықтары келіп түсті. Арасында көркем әдебиет те бар. Оқулықтар Душанбе қаласының гимназиялары мен Тәжік техникалық университетіне, басқа да ірі аудан мектептеріне жеткізілді.
"Бұл біз бергелі отырған кітаптың алғашқы бөлігі ғана. Жылдың соңына дейін тағы әкелеміз. Мәскеудің Россотрудничества желісі бойынша түскен кітаптарды түгендеп, тәжік мектептерінде оқытуға болатындарын іріктеп алып, он мектепке тараттық. Олардың арасында алыс жатқан аудан мектептері де бар", - дейді Россотрудничества өкілдігінің басшысы Иван Иванов.
Оның айтуынша, Тәжікстанда жаратылыстану мен ғылым бағыты бойынша оқулықтар мен кітаптар жетпейді. Соның орнын толтыру үшін Мәскеуден кітап алдыруда.
Айта кеткен жөн, жақында Ресей Өзбекстанға орыс тілінің мұғалімдері тапшы деп 100-ден астам педагогты елінен аттандырған. Қазір олар өзбек мектептерінде орыс тілінен сабақ беруде.