Инновация

«Бүкіл әлемнің адамдары және мәдениетімен танысу дүниетанымыңызды айтарлықтай кеңейтеді»

Осыдан бірер апта бұрын алып Америкада 27 жастағы қазақ баласы 66 жастағы Амир Сандердж есімді Танзания азаматымен бірлесе отырып Consilienz компаниясын құрған болатын. Элисар Нұрмағамбетов есімді қазақстандық азаматтың танымалдылыққа ие Forbes Next 1000 тізіміне енгені туралы қуанышты жаңалықты ести сала өзімен байланысқа шығып, жас ғалыммен сүбелі сұқбат жүргізген болатынбыз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

– Қайырлы күн, Элисар мырза! Ең алдымен американдық танымал Forbes Next 1000 тізіміне  енуіңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл жетістікке қалай қол жеткіздіңіз? Неден бастадыңыз?

– Барлығыңызға шынайы алғысымды білдіремін! Жақындарымның, достарымның және жерлестерімнің қуанышы мен қолдауы мен үшін Форбстың өзінен гөрі маңыздырақ. Мен АҚШ-та он жылдан бері болдым. Өзімді осы елде әртүрлі салада сынап көрдім. 2017 жылы әлемдегі ең ірі инновациялық орталықтың – Plug and Play-дің резиденті болдым. Онда финтекстермен, банктермен және басқа да қаржы институттарымен жұмыс жасау бақыты бұйырды. Осы салада өз тәжірибемді шыңдай отырып, жобамды осы бағытта жүзеге асыруға арналған көптеген идея пайда бола бастады.

– Элисар мырза, оқырмандарымызға өзіңіз жайлы толығырақ айтып берсеңіз. Қайда туып өстіңіз?

– Мен Алматы қаласында туып өстім. №105 гимназияны бітірдім, бұл маған жақсы оқу базасын берді деп айта аламын. Мен өзімнің Қазақстанда туып өскеніме өте қуаныштымын, өйткені біз қоршаған ортада достық, адамдарға деген сүйіспеншілік және көмек сияқты маңызды өмірлік құндылықтарды біліп өстік. Он сегіз жасымда мен болашақта Қазақстан үшін құнды болатын білім мен тәжірибе жинау мақсатында Америка Құрама Штаттарына жол тарттым.

– Consilienz қандай жүйе? Қандай қызмет атқарады?

–Consilienz – қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, терроризмді қаржыландыруды және адам саудасын анықтау және тергеу жүйесі. Бұл платформа адам, ұйым, көлік және т.б. туралы бірнеше дереккөзін жинау және синтездеу арқылы жасырын қатерлерді анықтауға көмектеседі.

– Сіз мектеп қабырғасында қандай оқушы болдыңыз? Көбіне қандай пәндерді қызығып оқыдыңыз?

– Шыны керек, өзімді жақсы оқыдым деп мақтанбаймын. Бірақ мектеп мұғалімдеріне өте ризамын. Себебі, ұстазымның арқасында математиканы жақсы көрдім. Ол менің өмірімдегі ең жақсы мұғалім деп айтқым келеді.

– Мамандығыңыздағы ең қиындық тудыратын тұс деп нені айтар едіңіз?

– Бұл салада міндетті түрде төтенше жағдайларда тыныштықты сақтау және тіпті стресс жағдайында болса да объективті ойлана білуіңіз қажет. Кез келген бизнес – бұл көптеген жұмыс. Сіз тәуекелге баруыңыз керек. Өз-өзіңізді ұстау және жағдай сіздің жағыңызда болмаса да, шешімді әрекет ету басты қағида болып саналады.

– Сіз туралы жағымды жаңалық халық арасына кең тарап, түрлі сайт пен газет сіз жайлы жарыса жазды. Осындай сәтте өзіңізді қалай сезіндіңіз?

– Мен үшін қазақстандықтардан осындай қолдауды көру өте жағымды болды. Мен өз халқымды өте жақсы көремін және олардың үмітін үзбеу үшін жауапкершілікті сезінемін. Құдайға деген терең ризашылықты сезіндім.

– Айтпақшы, сіз қазір Америкадасыз. Қазақстан мен Американың білім жүйесінде қандай айырмашылықты байқадыңыз?

– Менің ойымша, Қазақстанда орта білім Америкаға қарағанда жақсы деп ойлаймын. Мықты іргетасы қаланады және бізге ересек өмірде өте маңызды болып табылатын тәртіпті бала кезден бастап үйретеді. Америка Құрама Штаттарында жоғары білімнің артықшылығы болуы мүмкін. Бірақ әрдайым академиялық білімнің арқасында емес, көбінесе ашылатын атмосфера мен мүмкіндіктердің арқасында, сондай-ақ бүкіл әлемнің адамдары және мәдениетімен танысу бұл ойлау көкжиегіңіз бен дүниетанымыңызды айтарлықтай кеңейтеді.

– Жобаңызды өз елімізде жүзеге асыру жоспарыңызда бар ма?

– Иә, қазіргі уақытта біз Қазақстанның әртүрлі ұйымымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. 

– Есіңізде болса соңғы рет қандай кітап оқыдыңыз? Қандай жанрлардағы кітаптарды оқыған ұнайды?

– Мен христианмын, сондықтан мен Киелі кітапты жиі оқимын және кішіпейілділік, адамдарға көмектесу сияқты ілімдерді өмірімде қолдануға тырысамын. Гай Кавасакидің инновация туралы, Саймон Синектің көшбасшылық туралы кітаптарын оқыдым.

– Алға қойған қандай жоспарларыңыз бар?

– Алда қойған көптеген жоспарым бар. Мен үшін дамудың көптеген керемет мүмкіндігі ашылып жатыр. Сондай-ақ, менің жақын арада жүзеге асатын жоспарларыма кейбір қазақстандық компанияға өз өнертабыстарын әлемдік деңгейге шығаруға көмектесу кіреді.

– Газетіміздің жас оқырмандарына, соның ішінде болашақ жас ғалымдарға қандай кеңес айтар едіңіз?

– Мен оқырмандарға ең алдымен адамдарға көмектесуге, мүмкіндігінше көп пайда әкелуге тырысуға кеңес берер едім. Сол сияқты, ешқашан тырысудан және қателесуден қорықпаңыз. Әрбір әрекет пен кез келген қателік – жеңіске жетелейтін қадам. Барлығыңызға сәттілік тілеймін!

– Сұқбатыңызға рақмет!

 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

«Ұланның» жас тілшісі