Bugin
Қарағандысай қыстағында малдан қарасан анықталып, карантин жарияланды
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданына қарасты Қарағандысай қыстағында малдан қарасан анықталып, карантин жарияланды. Бұл туралы Bugin.kz платформасы inform.kz-ке сілтеп хабарлайды.
Ақпан айында Байғанин аудандық ветeринария бекетіне «Мерей К» ЖШС-нің мал дәрігері Әкімжан Ташмағамбет ірі қараның қырылғанын хабарлады.
“Барлығы 4 өлексе анықталды. Патологиялық материал алынып, ветеринариялық зертханаға жіберілді. Облыстық зертхана 2 наурыз күні қарасан ауруы анықталғанын хабарлады. Эпизоотиялық тексеруден соң құжат Байғанин аудандық аумақтық инспекциясына жолданды. Ал 4 наурыз күні шектеу шарасын бекіту үшін Қарауылкелді ауылдық округінің әкіміне ұсыныс жіберілді”, - деді облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Күлсара Жақыпова.
Шаруашылықта қазір 120 мүйізді ірі қара мен 90 жылқы бар. “Мүйізді ірі қара малдарының арасынан қарасан ауруы анықталуына байланысты Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылдық округінің Қарағандысай қыстағы аумағында карантин белгіленсін”, – деп аудандық әкімдік қаулысында жазылған.