Білім және ғылым
"Үлгерімі төмен оқушылар жазда білімін шыңдай алады"
Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үлгерімі төмен балаларға арналған жазғы мектептерді іске қосу жоспарланып жатқанын айтты. Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
– Үлгерім деңгейі төмен оқушыларға мүмкіндік беріп, білімді қалпына келтіру жөніндегі шараларды іске асыру жалғасады. Пандемияға байланысты білім төмендеді, сондықтан біз оқушылардың білімін жақсарту үшін жұмысты жалғастырамыз. Оқу нәтижесі төмен оқушыларға арналған онкүндік демалыс пен жазғы мектептердің ұлттық бағдарламасын іске қосу жоспарланып жатыр. Сондай-ақ, осы жұмыс аясында біз қосымша білім беру мүмкіндігін ұсыну үшін конкурстық негізде мемлекеттік тапсырысты қарастыратын боламыз, – деп мәлімдеді Білім және ғылым министрлігі басшысы.
Министр елімізде 12 жылдық оқытуға кезең-кезеңмен көшу қарастырылғанын атап өтті. Математика, шет тілдері және информатика сияқты бағыттарға ерекше назар аударылады. Оқулықтардың сапасын жақсарту үшін оқу бағдарламаларын сараптау және апробациялау қарастырылады.
Сарапшылардың біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, оқулықтардың құрылымы мен мазмұнына бірыңғай талап бекітіледі.