Bugin
Бұл күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, адамдар бір-біріне амандық, саулық, құт, береке тілейді
Көрісу мерекесі – Қазақстанның батыс өңірінде ауыз толтырып айтарлықтай тойланатын ежелгі мереке. Әдетте бұл мерекені батыстықтар қыс мезгілі бітіп, көктемнің алғашқы айы наурыздың басында тойлатады. Яғни әр жылдың 14 наурызында басталатын бұл мереке, батыстықтар үшін ерекше мерекелердің бірі болып саналады. Себебі бұл күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, адамдар бір-біріне амандық, саулық, құт, береке тілейді.
Батыс өңірі солтүстік өңірімен салыстырмалы түрде әлдеқайда жылы болғандықтан, қар ерте еруінен, жалпы көктемнің ерте басталуынан бұл мереке "Көрісу мерекесі" атанған. Сондықтан да өзінің ағайын-туыстарымен, «Қыстан аман шықтың ба?» , «Бір жасыңмен!» деп көрісіп, кездесіп амандық, саулық сұрасып жатады. Бұл күнді әр шаңырақ алдын ала дайындалып, дастархан жайып, бауырсақ, шелпегімен қоса қазақтың ұлттық тағамдарын пісіреді. Осылайша мерекені тойлайтын халық мәре-сәре болып, көрші-көлем бір-бірін қонаққа шақырып, киіз үй тігіп, әсем ән шырқап, керемет бір әсермен тойлайды.
Көрісу – тек адамдардың бір-бірімен амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерден бата алатын, ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені көрісу мерекесі бір күнмен шектеліп қалмайды, бұл мереке жыл бойы жалғаса береді.