Сұқбат

Динара Болат: "Балаларым өмірімнің мәні емес"

Мансап пен отбасын қатар алып жүрген Динара Болаттың отбасылық ұстанымдарын білесіз бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Динара Болат – жиһанкез, психолог, мотиватор. «Өмірге шексіз ғашық» кітабының авторы. Мансап пен отбасыны қатар дөңгелеткен жан. «Динара Болат қандай ана?» тақырыбында Bugin.kz тілшісі сұқбаттасты.

«Тәуелсіз бол» деген ұстанымды биік қоясыз. Сіз кімге, неге тәуелдісіз?

– «Тәуелсіз бол» деген ұстанымды биік қоямын. Себебі тәуелсіз жан қашан да бақытты. Дегенмен, кофе мен саяхатқа тәуелдімін. Екі-үш ай сайын саяхаттамасам, өзіме таныс емес жерді көрмесем, жаңа әсер алмасам, көңіл-күйім түседі. Сол секілді күн сайын кофе ішемін. Бұл – саналы тәуелділік. Кофе – денсаулыққа зиян. Ал саяхат көп қаржыны талап етеді. Кейде саяхаттау үшін кейбір сұраныстарымнан бас тартамын. Әр тәуелділігімді саналы түрде жақсы көремін.

“Кімге тәуелдісіз?” деген сұраққа келер болсақ, мен көп жағдайда әкемнің өтінішін өзіме қарсы болса да орындаймын. Бірақ мұны тәуелділік емес, әкеме деген сыйластық деп бағалаймын. Сыйластық ретінде болған соң аса қиындық тудырмайды.

– «Қыздарға тұрмысқа шығу, ұлдарға үйлену арман-мақсат болатын дүние емес» дедіңіз. Бала Динара тұрмысқа шығуды армандады ма?

– Мен тұрмыс құруды армандамадым. Оқу бітіргеннен кейінгі бар ойым сөмкемді асынып әлемді аралау болды. Орал мен Ресейдің шекарасынан асып, әлемді кезгім келді. «Қыздарға тұрмысқа шығу, ұлдарға үйлену арман-мақсат болатын дүние емес. Отбасын құру бұл жай табиғат заңдылығы. Тұрмысқа шығу, үйлену, балалы болу жетістік емес. Армандарыңыз мұндай қалыпты нәрсемен шектеліп қалмауы абзал». Бұл пікірімді көпшілік дұрыс түсінбеді. Менің айтқым келгені – тұрмысқа шығу, балалы болу – табиғат заңдылығы. Отбасын құру бар қуатыңды кетіретін арман емес. Адамның арманы биік болған сайын кемелдене түседі.

Динара Болат баруға кеңес беретін 5 мекен?

– Жиһанкез ретінде біраз мемлекетті араладым. Көрген кереметтерім де болды. Әйтсе де тек осы 5 мекенге бару керек деп шектегім келмейді. Талғамы бөлек жанмын. Көргім келетін жер де аз емес. Алайда «Уақыт шектеулі, жақында сапарға шығу керек» десе, мен мына мемлекеттерге баруға кеңес беремін:

  • Үндістан
  • Жапония
  • Америка
  • Норвегия
  • Индонезия

Динара Болат оқуға кеңес беретін үздік 1 кітап

– Үздік деп кітаптардың санын шектегім келмейді. Себебі әр кітаптың айтар бір сөйлем болсын ойы бар. Адам өмір бойы даму қажет. Ол үшін үздік бір кітап жеткіліксіз. Бір жылда оқыған кітаптарымның ішінде үздігі болуы мүмкін. Өмірлік үздік кітап деп айта алмаймын. Дегенмен соңғы оқыған кітабымның ішінде ұнағаны – Сунь-цзы «Соғыс өнері» («Исскуство войны»).

Менің түйгенім:кез келген кітап сіздің қолыңызға жайдан-жай түспейді. Ол – сізге жіберілген бір белгі. Тіпті менің «Өмірге шексіз ғашық» кітабым болсын сізге бір бағыт, ой салу үшін жіберілген.

Өмірге шексіз ғашық жансыз. Сізге мұң да, қайғы да әдемі. Сіз ұсқынсыз, әдемі емес деп санайтын жай, күй бар ма?

– Иә, мен үшін мұң да әдемі. Мен кез келген құбылыс пен адамды ақ пен қара деп бөлмеймін. Десе де адамның ниетіне байланысты әрекеттерді ақ пен қара деп бөлуге болады. Мен ұсқынсыз, әдемі емес деп адамнан шығатын теріс әрекетті айтар едім. Жаман ниетпен жасалған әр әрекет ұсқынсыз, әдемі емес.

Динара Болат қандай ана? Қандай келін?

– Мен таудай талабы бар анамын. Көп жағдайда балаларыма доспын. Менің қазіргі аналық мақсатым – балаларым жанымда барда оларға бар махаббатымды беру. «Динара Болат қандай келін?» деген сауалға келсем, менің енем орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Алыстан сыйласамыз. Енемнің қызы жоқ. Сондықтан көріскенде қызы жасар жылулықты беруге тырысамын. Киімін әперіп, бірге тамақтанып уақыт өткіземіз. Бірақ мамалап, іші бауырына кіріп, артық қадам жасауға тырыспаймын.

«Балаларым өмірімнің мәні емес» дедіңіз. Сіздің өміріңіздің мәні не?

– Расында балаларым өмірімнің мәні емес. Өмірдің өзіндік ағымы бар. Тұрақты ештеңе жоқ. Ата-ана, бала болсын, тіпті менің ғұмырым да мәңгі емес. Сондықтан затқа, адамға қатты бауыр баспаймын. Тек қолымда барда жақсы көріп, сыйлап, әдемі өмір сүруге тырысамын.

Қазір қаржы, даму тренингтеріне қатысу – тренд. Психолог әрі ана ретінде бала тәрбиелеу үшін тренингке қатысып көрдіңіз бе?

– Бала тәрбиесі жөнінде тренингке қатысқан емеспін. Кітап та оқымаймын. Себебі әр бала жеке индивид. Тәрбие туралы кітапты оқып алып, тұтас бір баланы тәрбиелеу мүмкін емес. Психолог ретінде маған көмекке жүгінген жастардың мәселелерін тыңдай отырып түйгенім: балаға махаббат пен жылулық керек. Көп жағдайда баланы тәрбиелеуге тырысамыз. Оқуда үздік болсын, үйде қолқанат болсын деп талап етеміз. Бірақ ең бірінші қағида: бәрі сіздің махаббатыңызбен бірге болуы тиіс. Балаңызбен достық қарым-қатынаста болсаңыз, оның болашағынан қауіптенбеуге болады. Оның сізден жасырар сыры да болмайды. Оның болашаққа деген ойын бақылай аласыз. Оны біліп, түзету де уақытылы жүреді.

Сіздің отбасылық өмірдегі берік 3 ұстанымыңыз қандай?

– Бірінші ұстанымым: әр отбасы мүшесі бақытты болу керек. Әр отбасы мүшесінің арманы орындалуы тиіс. Осыдан шығатын екінші қағидам: бір шаңырақта өмір сүру отбасы мүшелеріне қолайлы болу қажет. Ешқандай ұрыс-керіссіз, айқай-шусыз ғұмыр кешу керек. Тыныштық болу міндетті. Үшінші қағидам: адам отбасым деп ойланғанда еске алатын әдемі естеліктерді жиі қалдыру керек.

Сіз бәріне қалай үлгересіз?

– Ата-анамының тәрбиесінің арқасында ширақпын. Барлығын жылдам жасауға тырысамын. Ал үй тірлігіне келер болсақ, тек маңызды деп санаған дүниелерге уақыт бөлемін. Соның арқасында күнделікті уақытымды үнемдеймін. Ең басты қағидам – «Өмір біреу, уақыт аз». Тек маңызды деген дүниелерді жасаймын.

Сұқбаттасқан: Ақерке Еркімбек