Bugin

Алғыс айтамын

Жақсы сөз айту, жақсылық жасау – әрбір адамның міндеті. Әрине, жылдың әр күні сыпайы болуға тырысуымыз керек. Алайда көп жағдайда алғыс айтуды ұмытып немесе оған ерекше көңіл бөле бермейміз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Негізінде алғыс сөздерінде бір сиқырлық бар: олар арқылы біз бір-бірімізге ризашылығымызды көрсетеміз, көңілімізді білдіреміз, жақсы эмоциялар мен жылулық сыйлаймыз.

Алғыс сөздері адамды тыныштандыру, жүрегін жылытудың бірден-бір амалы. Бастысы алғыс жүректен және таза ниеттен шығуы шарт.

Адам алғыс пен ризашылықты естіген сайын, жақсылық жасағысы келіп тұрады. Өмірдің әрбір сәтін бағалай білу және табиғат-анаға мейірімді күні үшін, көңілді жаңбыры мен ақ қары үшін, жұмсақ ұлпа бұлты үшін, жақын адамдарға қайырымдылығы мен риясыз махаббаты үшін алғыс айтуды ұмытпау керек.

Қазіргі судай зулап ағып өтіп жатқан күндерде осыны естен шығарып жатқанымыз айдан анық қой. Көңіл бөлмек түгіл, назар да аудармай жатамыз.

Әдетте біз қарапайым заттардың бағасын білмей жатамыз. Иә, көремін, сеземін, жүремін, тыныс аламын, денім сау, Аллаға шүкір отбасым бар деуіңіз мүмкін. Бірақ қаншалықты жиі өз өміріңізге, тағдырыңызға, күллі әлемге рақмет, алғыс айтасыз? Ойланып көрдіңіз бе?

Шындығында өмірімізде бар құнды нәрселерді немесе туғандарымызды жоғалтқанда ғана қадірін түсініп жатамыз, сыйлай бастаймыз. Бұл бәріміз білетін шындық. Дегенмен, адамзаттың көпшілігі өмірі үшін алғыс айтқысы келмейді, алғыс айтуды білмейді. Себебін былыйша жорамалдадым. Алғыс айтсақ, сол бәз баяғы бірқалыпты өмір кешеміз, ешбір алға жылжу болмайды деген қате түсінік. Мысалы, аз жалақы алатын жұмысыңызға рақмет айтып жүре берсеңіз, арманыңыздағы өмір сүруге жеткілікті қаражат табуға стимул болмайтындай көрінеді. Өмір дамуды, ілгерілеуді талап етеді. Сондықтан бұл үрдіс маңызды. Алайда, сол биіктен табылу үшін қолда бардың бағасын білу өте қажет.