Әлеумет

Қолда барда, алтынның қадірін біл

Қанағатшылдық – пенденің ең жақсы қасиеті. Оның аясына сабыр мен жомарттық қоса кіреді. Ал бұл үшеуі біріксе, алынбас қамал болмас

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Өмір сүріп жатқан әрбір алтын уақытты, қайталанбас күнді бағала. Күн сайын өмірге қанша адам келіп, қанша адам кетеді. Ал сен келуші және келіп қана қоймай өмірде тұрақтаушы адам ретінде өзіңнің қадіріңді біл. Жалғанның жалғанын сезген күннің өзінде өмірдің мәнін білу керек. Өмірді сүру басқа және сүре білу мүлде басқа.

Ата-анаңды барында бағала. Ата-ана – отбасының алтын діңгегі, негізі. Осы дүниеге келуімізге себепші болған әуелі Алладан кейінгі сүйенішіміз. Ата-ананың орнын ешкім баса алмайды. Себебі, әкенің махаббатынан асқан махаббат жоқ, күн шуағындай ананың мейіріміне жетер мейірім жоқ.

Жанұяң қасында ма, қуан, бағала. Қиын кезде сүйеу, жақсы күнде қолдау болатын да отбасыңыз. Жалғызсырап қалған кездерде күтетін де отбасыңыз. Айналадағы адамдар теріс айналған кезде жаныңнан табылатын да жанұяңыз.

Махаббатың қадірі – тұрақтылық. Жарыңыздың қадірін біліңіз. «Ол мәңгі қасымда, ешқайда кетпейді» деген ойдан арылыңыз. Өмір тосынсыйға толы. Бәлкім, ол сіздің ырысыңыз. Барды бағалай біліңіз.

Маңдай термен жеткен еңбектің бағасын білу – сіздің алдағы уақытта өміріңіздің қалай өтетінің кепілі. Кең болыңыз, кем болмайсыз.

Достың қадірі беріктігінде. Дос жаныңыздан табыла білген жағдайда сіз де оның қадірін бағалаңыз. «Шынайы достық жоқ, дос аз» дейтін адамдар өздері достыққа берік бола алмағандар. Ең бастысы сіз серттен тайып кетпеңіз. Достықты қадірлеуіңіз – өзіңіздің абыройыңыз.

Жұмыр басты пендеге тән қасиеттердің бірі – қолда бар нығметтен айырылып қалмағанша, оның қадірін білмеу. Байқап қарасаңыз, Алла Тағаланың өз жаратқанына нәсіп еткен нығметтері қаншама десеңізші. Тіпті санына жету мүмкін емес. Ал адам баласына үнемі бір нәрсе жетпей, жетіспей жүреді. Басымызға Алланың ауыр сынағы түспей тұрып-ақ бұл дүниенің, денсаулықтың, ата-ананың, дос-құрбының, бала-шағаның және қолда бар нығметтің қадірін білуге нәсіп етсінші. Жер шарында өмір сүріп жатқан әрбір адамға аса маңызды нәрсені айтуға менің мүмкіндігім болса, мен: «Қолдағы барыңды бағала!», - дер едім...