Bugin
Тәрбие тал бесіктен басталады
Тәрбие тал бесіктен басталады. Әке мейірімінен құрышын қандырып, ана сүтінен нәр алып, «Әке ұлағаты» мен «Ана тағылымын» көріп өскен ұрпақ елін, жерін, халқын сүйетін, елінің болашағын, халқының қамын ойлайтын, жоғын жоқтайтын, парасатты, ой–өрісі кең, дүниетанымы жоғары, жан–жақты, білімді де білікті, ұлтжанды тұлға болып қалыптасады.
Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, яғни, қоғамға, өзі–өсетін тіршілік ортасының мүшесі болады. Адам дүниеге келісімен өзі көріп отырған адамдардың іс–әрекетіне, қимылына, ас ішуіне, жүріс–тұрысына, сөйлеуіне, ойнауына, әңгімелесуіне таңдана қарап, өзі де сол көргендерді есту мақсатында әрекет жасайды. Осыған байланысты «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» – дейді халық. Сондықтан баланың ең әуелгі өсетін ортасы, отбасы тәрбиесіне өте терең көңіл бөлу керек. Баланың көп уақыты отбасымен бірге өтеді. Сондықтан да, ата–ана балаға үңіле қарап, үнемі бақылап және қадағалап отыруы керек. Егер отбасында жақсы тәрбие алған болса, өскенде сол тәрбиенің ізімен баруы сөзсіз. Отбасындағы барлық адамдардың іс–әрекетіне, бала тәрбиесіне бірінші әсер ететін орта. Бала сол ортаға қарап өседі. Сол үшін балаға отбасындағы тәрбиені қоғамдық ортаға байланыстыра отырып берген адам ұтады. Отбасылық құндылықтар – ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың негізі.
Сондықтан әр ата–ана баланың отбасылық құндылықтарды толық меңгеруіне мүмкіндік жасағаны абзал. Отбасындағы құндылықтарды бағалай алмаса, адам ұлттық құндылықтарды да құрметтемей өтуі мүмкін. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөз де осы ойдың дұрыстығын меңзейді.
Тәрбиенің қиындықтары көп, сол қиындықтан қашпаған ата–ана ғана саналы тәрбие бере алады. Ол үшін баланың не істеп жүргенін, кіммен ойнайды, қай жерде жүргенін, тапсырманы қалай орындағаны сияқты жұмыстарын қадағалап, түсіндіріп, жан–жақты тәрбие беру, оны әрі қарай дамыта білу керек.