Экономика

Тауар салығынан түскен табыс қайда кетіп жатыр?

Сенатор Сергей Ершов премьер-министрге осындай сауал тастады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Акциздердің өсуі бюджетке түсіп жатқан салықтың ұлғаюына септігін тигізеді. Ал мұндайда қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсаруы тиіс. Сенатор Сергей Ершов премьер-министр Асқар Маминге осы мәселені көтеріп сауал тастады деп хабарлайды Bugin.kz платформасы.

Депутаттың айтуынша, ЕАЭО аясында белгілі мөлшерлемелер мен акциздерді үйлестіру барысында көптеген тауарға салынған салық та өскен. Соңғы бірнеше жылда жанармай, дизель отыны, жеңіл автокөліктер, алкоголь және темекі өнімдерінің бағасы едәуір көтерілген еді. Мәселен, жанармайға акциздер мөлшерлемесі 10 500-ден 24 435 теңгеге дейін, яғни екі есеге көтерілген. Ал темекі өнімдері 1000 теңгеден 11 100 теңгеге дейін бірден 10 есеге көтерілді.

Логикаға сүйенсек, акциздердің өсуі бюджетке түсетін салықтың да ұлғаюына септігін тигізеді. Ал мұның нәтижесінде экономикалық ахуал тұрақталуы тиіс еді.

“Бұдан байқағанымыз тауар бағасы қымбаттап жатыр, ал отандастарымыздың жағдайы сол қалпы. Сонда акциздердің өсуінен түскен табыс қайда кетіп жатыр?”, - деді депутат.

Мәселені шешуде депутат өз тарапынан ұсыныс айтты. Мәлімдеуінше, салықтық түсімдерді мақсатты түрде пайдалану қағидасы ұйымдастырылуы тиіс. Бірінші кезекте, халықтың әлеуметтік жағдайын ойлау керек екенін ескерді. Сонда ғана акциздер жүйесінің қаншалықты әділ екенін бағамдауға болатынын айтты.

Еске сала кетейік, Парламент Сенаты Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі темекі өнімдеріне салатын салық саясаты туралы келісімді мақұлдаған. Келісімге сәйкес, темекіге акциздер 2024 жылы 35 еуроға дейін көтерілуі мүмкін.

Анықтама: Акциз – көпшілік тұтынатын тауарларға салынатын жанама салық.