Қазақстан жаңалықтары
Алматыда 30 күн аралығында жұмыртқаның шектік бағасын 487 теңге көлемінде асырмау жоспарлануда
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеу және азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін қарастырып, бұл бойынша жол картасын іске асыруды тапсырған болатын.
Осы орайда, Алматы әкімдігі, өндірушілер және сауда желілері азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында отырыс өткізді деп хабарлайды Алматы әкімдігінің ресми сайты.
19-наурызда қала әкімдігі «Цин-Каз» ЖШС-нің өндірушісімен және «Немецкий Двор» (Беккер и К) дүкендер желісімен «әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын төмендету және сауда қосымшасын сақтау бойынша» бірқатар меморандумдарға қол қойды.
Жасалған келісімдер бойынша өндірушілер өнімдерінің сату бағасын бекітеді. Сауда желілері заңнамада белгіленген 15%-дық үстеме бағадан асырмауға міндеттенеді. Келісімдер 2021 жылдың І-ІІ тоқсандарында да күшін жоймайды.
Жалпы, бағаны ұстап тұру туралы ұсынысқа 36 азық-түлік тауар өндірушілері мен қаланың 10 сауда желісі үн қосты. Олардың қатарында «Солнечный сүт зауыты» ЖШС, «Маслодел» сауда желілері – METRO, Skif Trade, Magnum, SMALL және басқалары бар.