Сұқбат
Биылғы наурыздың өзіндік ерекшеліктерін әр кім өзінше қабылдағандай- ақ. Қала тұрғындарының наурыз туралы ойларын бірге білейік.
Қазақтың көптен күткен төл мерекесі- наурыз да көзді ашып-жұмғанша келіп қалды.Түркі тілдес халықтардың ортақ мейрамы болып табылатын бұл мереке көпке қуаныш әкелетіндігі сөзсіз. Жер көгеріп, ағаштар бәйшешектеп, табиғаттың оянатын уақыты. Наурыз мерекесі сонау ежелгі заманнан бері келе жатқан жыл бастау мейрамы. Сондықтан Алматы қаласының тұрғындарына бірнеше сұрақтар қойып, наурыз жайлы ойларын білуді жөн көрдім. Биылғы наурыз былтырғы наурыздан несімен ерекшеленуде деп ойлайсыз? Ұлыстың ұлы күнің асыға күтемін. Барымды салып дайындаламын. Мерекелік концерттерге отбасымызбен бірге барып, көңіл көтеріп қайтатынбыз. Алайда, бұл жылы елді жаулаған коронавирустың кесірінен барлық мерекелік шаралардың аталып өтілмейтіндігі көңілімізге біраз қаяу түсірді. Дегенмен, салымызды суға кетірмеуге тырысудамыз. Мерекені отбасымызбен бірге, қара шаңырақта атап өткелі жатырмыз. Ең бастысы еліміз аман жұртымыз тыныш болсын. Рахметдуллаева Марина АВИМЕД колледжінің оқытушысы
Наурыз мерекесі жылда елмен бірге аталып өтілетін мерекелердің бірі еді. Өкініштісі бұл мереке былтыр да биыл думандатып өтілмейін деп тұр. Басты ерекшелігі де осында деп ойлаймын. Қалай болғанда да еліміз аман жұртымыз тыныш болса әлі талай Наурызды елмен бірге атап өтеміз деп ойлаймын. Мерекені үйде, туған-туысқандарымызбен бірге атап өтуді жоспарлап отырмыз.
Құрманғазы Нұрғиса ЦАТЭК колледжінің 2-курс студенті
31 желтоқсандағы Жаңа жылды атап өткенді жөн көресіз бе, әлде қазақтың төл мерекесі 21- наурызды ма? 31 желтоқсанды қазіргі таңда тойлатпайтындары жоқ шығар. (күліп) Қазақтың тө мерекесі емес қой, мүмкін атап өтпейтіндері де табылар. Дегенмен, жасыратыны жоқ, біз отбасымызбен 31 желтоқсанды да 21 наурызды да атап өткенді жақсы көреміз. Отбасымызбен екі мерекені де асыға күтеміз. Кенжебаева Риза 74- мектептің 11- сынып оқушысы
31 желтоқсанды қазақтың мерекесі деп санамаймын. Оны біреу атап өтсе, біреу атап өтпес. Біз сол атап өтпейтіндердің қатарына жатамыз. Ол мерекені шариғатқа да қарсы деп білеміз. Сондықтан отбасымдағы адамдардың да бұл мерекені атап өтпеуге қарсылықтары жоқ. Ал, төл мерекеміз- Наурызға білек сыбана кірісеміз. Атабаева Эльмира Алматы қаласының тұрғыны
Наурыз жыл бастау мерекесі ғой. Сонау атам заманнан келе жатқан мерекенің тарихы да ерекше. Төс қағысып, өкпе- ренішті ұмытатын бұл мереке көпке шаттық сыйлайтындықтан отбасымызбен асыға күтеміз. Наурыз көже дайындап, ақсақалдарды қонаққа шақырып, баталарын алуды жөн көреміз. 31- желтоқсанды да асыға күтеміз. Жалпы, екі мерекені атап өтуге еш қарсылымыз жоқ. Елді шаттыққа бөлеп, керемет көңіл күй сылайтын мерекелердің бітпегені жақсы ғой.
Хизатов Диас ЦАТЭК колледжінің 2- курс студенті
Наурыз көже дайындай аласыз ба? Оған қандай тағам түрлерін қосасыз? Әрине. Наурыз көже менің сүйікті тағамдарымның бірі. Оны отбасым да сүйсініп ішеді. Наурыз көжені алғаш дайындаған кезім есімде. Тұзы жетпей қалмасың, дәмін кіргізейін деп тұзды сала бергенмін ғой, содан тұзы ащы болып әрең ішкен кезіміз есімнен кетпейді. (күліп) Бірақ өсе келе үйрендік қой. Әлі күнге дейін анамның рецепті бойынша дайындаймын. Өте дәмді шығады. Тұзын енді көп салып жібермесеніздер. Ал оған қосатын ингриденттерім: -ет, қазы-қарта; -су; -тұз; -айран- 1 стақан; -тары-100гр; -күріш- 100гр; -құрт. Абдибекқызы Рая Алматы қаласының тұрғыны
Иә, дайындап үйрендім. Үйренгеніме 1 жылдай уақыт болды. Былтырғы наурыз көжені анамның нұсқауы бойынша дайындаған едім. Енді биыл ешкімнің нұсқауынсыз жасамақшымын. Бәрі анамның арқасы, жақсылап үйреткенінің арқасында миымда жақсы жатталып қалыпты. Осы жылы наурыз көжені өзім дайындап отбасымды бір қуантпақшымын. Зейнуллаева Алуа 11- сынып оқушысы
Сәлем! Атын кім? Нешінші сыныпта оқисың? Сәлем! Менің атым- Ғанибет. Мен 5 -сыныпта оқимын. Керемет! Қазақтың ұлттық ойындарын білесің бе? Өзің ұнатып ойнайтын ойын түрлері туралы айтып бере аласың ба? Мен асық ойнағанды ұнатамын. Бірақ қаладан асық ойнайтын балаларды кездестіру мен үшін қиындыққа соғады. Достарыммен ойнайың десем олар асық ойнай алмайды. Бірақ мен оларға үйреттім. Қазір олардың да асыққа деген қызығушылығы оянуда. Асық- өте қызықты ойын. Бұл қазақтың ұлттық ойыны. Атамның айтуы бойынша бұл ойын күндіз де түнде де ойналады. Күндізгісі- мергендікке, түнгісі- ептілікке баулиды деген еді.
Құрманғазы Ғанибет 49- мектептің 5-сынып оқушысы
Сәлеметсіз бе! Менің есімім- Ақерке. Мен 5-сыныптың оқушысымын. Қазақтың ұлттық ойындарынан асық ату, алтыбақан, тоғызқұмалақ сияқты ойын түрлерін білемін. Маған ұнайтыны алтыбақан ойыны. Құрбым екеуіміз мереке кезінде алтыбақан тепкенді жақсы көреміз. Ол өкінішке орай біздің ауламызда болмағандықтан, наурыз мерекесін асыға күтеміз. Тұрғанбек Ақерке 49-мектептің 5- сынып оқушысы
Сәлем! Менің есімім- Аружан. Мен 11 –сыныпта оқимын. Тоғызқұмалақ, көкпар, күрес, теңге алу, аударыспақ, бестас, ақсүйек сияқты ойын түрлерінен хабарым бар. Мен тоғызқұмалақ ойының қатты ұнатамын. Онымен бала күнімнен бері айналысып келемін. Ол ойынға деген қызығушылығымды әпкем оятқан. Басында қалай ойнау керектігін әпкемнен үйрендім. Содан кейін арнайы тоғызқұмалақ үйірмесіне баруды бастадым. Жүлделі орындарға да ие болдым. «Тоғызқұмалақ ойының қазақи аңыздарға сенетін болсақ, қарапайым қойшылар ойлап тапқан. Тоғызқұмалақ тақтасы ретінде олар жерді қазып, арнайы шұңқырлар жасаған деседі. Ал, құмалақтарды дайындау үшін қойлардың құмалағын кептіріп, дәл сондай 162-сін қолданған. Бұл ойын қойшылар үшін керемет ермек болған»- деп әпкем үйретіп жатқан кездері тарихымен де таныстырып берген еді. Ағыбаева Аружан 11- сынып оқушысы
Сіздің ойыңызша басқа ұлт өкілдері үшін наурыз мерекесінің маңызы қандай? Сонымен қатар сіздің шаңырағынызда бұл мереке аталып өтіле ме? Иә, әрине. Бұл мереке тек қазақ халқы үшін ғана емес, сонымен қатар ұйғыр халқы үшін де маңызы зор мереке. Біз де жеті шелпегімізді пісіп, наурыз көже дайындаймыз. Туған- туыстарымызды қонаққа шақырамыз, олармен арамызда өкпе- реніж болса бәрін кешіруге тырысамыз. Саутова Саида биология пәнінің мұғалімі
Иә, доңғандықтар да бұл мерекені құр жібірмейді.Наурызда дайындалатын тағам түрі наурыз көжені былтыр қонаққа барған кезімде ішіп қатты ұнатқан едім. Биыл ол тағамды анам мен қарындасым үйде дайындап көрмекші. Әрбір ұлттың сонау заманнан келе жатқан мерекелері мен салт- дәстүрлері болады. Қазақ халқы үшін бұл мерекенің маңызы үлкен екенін киіз үйлердің жанына жиналған халықтардан да аңғаруға болады. Доңғандар да бұл мерекеге үлкен сыйластықпен қарайды, әрі асыға күтеді. Отбасымызда дастарқан жайып, шағын мереке ұйымдастырамыз. Сулеев Исмаил Алматы қаласының тұрғыны
Сонымен байқағанымыздай бұл мереке елді шаттыққа, берекеге, қуанышқа жетелей алады. Мерекенің маңыздылығын айтпасақ та көрініп тұр. Тек биылғы наурыздың елмен бірге аталып өтілмейтіні өкінішті. «Батамен ел көгерер, жауынмен жер көгерер»- деген халықпыз ғой. Сондықтан қарияларымыздан бата алуды жөн көрдім.
Сәлеметсіз бе ата, наурыз меркесі құтты болсын! Сізден бата сұрай келдім. Амансың ба қызым! Бірге болсын! Ал қолынды жая қой! Ұлысың оң болсын, Ақ мол болсын, Қайда барса да жол болсын! Ұлыс бақты болсын, Төрт түлік ақты болсын! Ұлыс берекеге берсін, Бәле-жала жерге енсін! Ұлы халқым тоқ болсын, Көйлектерің көк болсын! Қайғы уайым жоқ болсын, Қуаныштарың көп болсын! Ахметов Сұлтан Алматы қаласының тұрғыны
Үй –іші, ауыл –аймақ аман болсын, Тыныштық баршамызға заман болсын. Табиғат таусылмайтын ризық беріп, Тартулы дастарқанға тағам болсын! Күніміз ұлысты болсын, Жеріміз ырысты болсын. Өрісіміз малға бай, дүбірлі болсын. Халқымыз жанға бай, үбірлі-шүбірлі болсын. Заманбеков Қайрат Алматы қаласының тұрғыны