Қоғам
Қайырымдылық – дерттің дауасы, жүректің кеңдігі, жанның жомарттылығы
Адамгершілікке арналған үш сауап бар:
Шөлге құдық қазған бір сауап,
Өзенге көпір салған бір сауап,
Жолға ағаш еккен бір сауап.
(Халық даналығы)
Қазір ақпарат кеңістігі артып , әлем жылдан жылға жаһанданып жатқан заман. Әлеуметтік желілерді ақтара қалсаң , көзің дені дұрыс оқуға сау жаңалық таппай қалады. Ритинг қуалаған парақшалар әр нәрсені жазып әлек.Өкініштісі сол , осындай құрғақ әңгіме мен шая мінез , шу құмар жаңалықтардың арасынан жақсылары көзге іліне қоймайды.Жақсылық жасаудан жарысып жүрген , жаны – жомарт , жүрегі – кең жандарды алыстан емес , өз аймағымыздан таптым. «Жанашырлыққа — жан риза» дегендей, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға аялы алақанын тосып, көмекке мұқтаж жанадарға жүрек жылуын ұсынып, сауабы мол іске атсалысып жүрген «Арман-Орал» қайырымдылық қорының директоры Сүлейменов Арман Ерлікұлын аз-кем сөзге тартып, сұқбат құрдық.
–Арман мырза , ақпарат құралдарынан қор арқылы еміне қаражат тауып , азық-түліктей көмек алған әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың жылы лебізін, ыстық ықыласын естіп те , көріп те жүрміз. Қор қалай құрылды? Ресми тіркелген бе?
–Алғаш қайырымдылық қорымыз ресми тіркелмес бұрын ерікті топ болып 9 мамыр күні құрылдық . Бұл күндері аты жаман дерт меңдеп тұрған кез болатын. Негізгі ой осы уақытта халықтың жағдайын толықтай жасамасақ та , қолымыздан келгенше отбасыларға көмектесейік деп өзімнің достарыма ой тастаған болатынмын. Достарым мені бірауыздан қолдады.Осылай шағын көмегімізді өзіміздің айналамыздағы қиын жағдайда қалған отбасыларға көмектесейік деп бастадық. Ресми түрде біз 4 наурыз күні тіркелген болатынбыз.
–Қорды кімдер қаржыландырады?
–Қорды әзірге қаржыландыратын ұйым жоқ. Қордың әр мүшесіне белгіленген мөлшерде айлық есептік көрсеткіш шығарып көмектесіп отырамыз. Дегенмен , қазіргі таңда бізге спонсор ретінде көмек көрсеткісі келіп отырған жандар бар, алдағы уақытта келіссөздер жүргізіп шешеміз деген үміттеміз!
–Көбіне әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік апарсыздар. Жағдайы төмен отбасыларды қалай анықтайсыздар? Қаламыз бойынша тізімге қанша отбасы ілігіп отыр ?
–Иә, ең бірінші кезекте отбасыларға азық-түліктей көмек көрсету басты назарда. Отбасы тізімін бірінші жұмыспен қамту орталығынан , екінші қалалық бөлімшеден яғни сотталғандар тізімінде тұрған отбасылар , үшіншіден интернет желісі, әлеуметтік желілер арқылы түскен хаттардан анықтаймыз.
Қала бойынша ерікті топ ретінде жұмыс бастағанымызда айына 40 отбасыдан хат келіп түсетін, оның 80%-ы басқа қаладан. Әрине, өтініштерін бос қайтаруға тура келді , алайда өз қаламыздағы көмек сұраған отбасылардың тізімін жасап көмегізді көрсеттік .Осы отбасы тізімінде Орал қаласы, Бөкей ордасы, Теректі аудандары және Ақсай қаласынан да отбасылар тізімі болды.
–Қорда қанша адам қызмет атқарады? Көпшілігі кімдер ?
–Ең әуелі 10 адамнаң басталған команда мүшелері қазіргі таңда 87 адамға жетті. Қолы ашық, жүрегі мейірімге толы қайырымды жандардың негізгі бөлігі өз айналамыздағы адал достарымыз , жұмыстастарымыз , өз таныстарымыз және де Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінің бірінші курс студенттері.
–Жалпы бұл бастамаға әкімшілік мекемелерінен , кәсіпкерлерден немесе қалталы азаматтардан қолдау бола ма?
–Әкімшілік мекеме мамандарынан, кәсіпкерлерден ешқандай көмек алмаймыз. Барлық көмек көрсетілетін қаражат бұл адал еңбекпен тапқан қайырымды жандардың үлесі.
–Қазір «көмекке мұқтажбын , көп балалы анамын , күйеуім қайтыс болды» деп , жалған жарнама беріп, алаяқтығын асырып жүрген адамдардың бары да өтірік емес. Көмеке мұқтаж жандардың әлеуметтік жағдайын алдын – ала тексересіздер ме, қаншылықты көз жеткізесіздер?
–Иә, ондай адамдардың бары жалған емес. Осындай жағдай басымыздан өтті, бірақ та қазіргі таңда мұндай қателіктер жіберілмейді. Себебі, отбасы тізімі тексерілген түрде жоғары да атап өткендей , халықты жұмыспен қамту орталығынан және қалалық бөлімшеден алынады. Ал, жеке қордың хатына түскен отбасы тізімдеріне тексеру жүргізіп отбасы жағдайын анықтаймыз. Оған көмек сұраушы адамның аты-жөні , тегі , ЖСН нөмірі , отбасы мүшелерінің саны , телефон нөмірі , тұратын мекен-жайы және тұрмыс жағдайы белгілі болғанда ғана көмек көрсетеміз.
–Жақында Қадыр Мырза Әли орталығында Эмирге қаражат жинауға үлкен шара өткізіпсіздер. Сол жайлы тарқатып айтып берсеңіз?
–Алғаш Эмир бүлдіршініміздің еміне 1 миллиард теңге қаражат керектігін естігенде көбіміз таң қалғанымыз жасырын емес. Кейіннен Ақсай қаласының еріктілер тобының кітап жәрмеңкесін ұйымдастырып жатқанын естіп, жеке басым қор мүшелері арасында қаражат жинап барып қайтқан болатынмын. Осы қалада «Адам бол» қоғамдық қоры мүшелерімен кездесіп жиналған сумманы Каспи реквизиті арқылы анасына табыстадық.
Осы орайда бүлдіршінімізге қор атынан өз көмегізді көрсету мақсатында ең ауқымды шара Орал қаласында «Эмир, Өмір сүр» жәрмеңкесін ұйымдастырып, өткізген болатынбыз.
Бізге қолдау білдіріп көптеген ұйымдар және ірі компания басшылары өз өнімдерін, Эмирдің көмегіне өз сатылымдық заттарын ұсынды. Сонымен қатар белсенді жүргізуші Сергей Жужа мен Құрманғазы колледжінің студенттерінің көмегімен ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны өткізіп шықтық. Жәрмеңкеде сатылған тәтті тағамдар , сусындар , картиналар мен кітаптар, киім-кешек пен қолдан жасалған бұйымдардан түскен қаражат Эмирдің ата-анасына жеке табысталды. Әрі жәрмеңкеге келген балақайларға арнап анимациялық қуыршақтар өз қылықтарымен көңілдерін көтеріп тәнті етті.
–Білуімізше , қордың жұмысын бастағанына жуырда бір жыл болады. Межелеген мақсат-мұраттарыңызға жете алдыңыздар ма?
–Иә, бұйырса осы жылы 1 жылдық жұмыс қорытындысын шығарып есеп береміз. Жалпы осы уақытқа дейін жетпістен аса отбасыға азық-түлікпен көмек көрсеттік және еміне қаражат жағынан көмек сұраған он отбасыға қаржылай мүмкіндігінше қол ұшымызды создық.
Негізгі жоспарда болған әр жұма сайынғы «Жұмадағы жақсылық» нан тарату акциялары, 1 маусым- Балаларды қорғау күні «Балаларға базарлық» тәттілер тарату акциясы, 1 қыркүйек- қалалық бөлімшемен ұйымдасқан «Мектепке жол» акциясы секілді көптеген шаралар өткізген болатынбыз.
Осы жылдың кезекті жоспар бойынша Ремзавод шағын ауданыңда балалар ойнайтын саябақ пен «Лидер» супермаркет желілерінде азық-түлік сөрелерін дайындап , мұқтаж жандардың қажетін өтеу жоспарда бар.
–Оқырмандарға айтар өз үндеуіңіз ?
–Барша көмек көрсетіп жүрген жандарға және қор мүшелеріне шексіз алғыс білдіремін! Қайырымдылық адам талғамайды, сондықтан қолыңыздан келген көмекті аямаңыздар! «Әр қазақ – менің жалғызым» демекші, барша қазақ бір-бірімізге жанашыр болайық!
–Сұқбатыңызға рақмет!