Қазақстан жаңалықтары
Қазақстанда 1040 балаға Наурыз есімі берілген
Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері мыңдаған адамға Наурыз есімі берілген. Бұл туралы Bugin.kz платформасы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Елімізде тәуелсіздік алғалы бері 1040 балаға Наурыз есімі берілген. Бұл есіммен қыздарды да, ұлдарды да атаған. Оның жартысына жуығы - 443 адам соңғы он жылда туған. Ал былтыр 48 балаға Наурыз есімі берілген.
Көбіне Наурыз есімін Маңғыстау облысының тұрғындары қойған. Маңғыстауда — 181 адам, одан кейін Түркістан облысында — 157 адам. Үшінші орында Қызылорда облысы. Бұл аймақта 135 Наурыз өмірге келген.
Ал Солтүстік Қазақстанда — 4, Павлодар облысында — 11, Ақмола облысында — 12 балаға Наурыз есімі берілген.
Нұр-Сұлтанда — 20 Наурыз, Алматыда — 30, Шымкентте - 63 Наурыз өмір сүріп жатыр.
Қазақстанда Наурыздан бөлек Наурызбек, Наурызбай, Наурызғали, Наурызгүл, Наурызхан есімдері де кездесіп жатады.
Ал биыл 53 қазақстандыққа түбірі Наурыз сөзі бар есім берілген.