Саясат

Қоғам белсенділеріне қоғамдық қызметі үшін сыйақы тағайындау – нонсенс

Кәсіпкер өз ойымен бөлісті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембай еліміздегі қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыруға қатысты пікірімен бөлісті. 

«Мемлекеттік органдарда сауатты адамдар отыр. Олар қоғамдық кеңессіз-ақ не істеу керегін жақсы біледі. Меніңше, біз қоғамдық кеңестің аса маңызды емес функциясын дамытып отырмыз. Олардың басты міндеті халық пен билікті жақындастыру болуға тиіс. Қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдарға нені істеу керек екенін, қашан істеу керек екенін айтпауы керек», – деді қоғамдық кеңестердің ІІ республикалық мәжілісіне қатысқан Марғұлан Сейсембай. Оның пікірінше, қоғамдық кеңестердің одан кейінгі міндеті әлеуметтік шиеленісті төмендету болуға тиіс. «Жасыратыны жоқ, қазір қоғамда әлеуметтік шиеленіс артып тұр. Оны азайтудың үш клапаны бар. Біріншісі – митинг, екіншісі – сөз бостандығы, үшіншісі – биліктің өкілетті органдары. Өкінішке қарай, бізде митинг өткізуге тыйым салынған. Сөз бостандығына қатысты да мәселе бар. Биліктің өкілетті органдары – парламент пен мәслихаттар өз жұмысын толық орындап отырған жоқ. Соның салдарынан Қазақстан халқы Ассамблеясын, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын, Қоғамдық даму министрлігін, қоғамдық кеңестерді құруға мәжбүрміз», – дейді кәсіпкер. 

Марғұлан Сейсембайдың сөзінше, әлемнің демократиялық елдерінде де қоғамдық кеңестер жұмыс істейді. Бірақ олардың бағыты біздегіге ұқсамайды. «Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, демократиялық елдердің өзінде қоғамдық кеңестер бар. Бірақ, олардың атқаратын жұмысы мүлдем басқа. Олар парламентте қамтылмаған топтардың мүддесін қорғайды. Яғни, биліктің өкілетті органдарын толықтырып отырады», – дейді ол. Белгілі кәсіпкер қоғамдық кеңестердің жұмысына қатысты мәселелерді де атады. Олар – қоғамдық кеңес мүшесінің мәртебесі, кеңестерді материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету, қоғамдық кеңес мүшелерін таңдау. «Меніңше, мемлекеттік органдар қоғамдық кеңестің кейбір шешімдерін орындауға міндетті. Мәселен, мемлекеттік орган қоғамдық кеңестің өтініш-сауалдарына уақытылы жауап беруге тиіс. Қоғамдық кеңестің отырысына мемлекеттік органның өкілі міндетті түрде келіп, қатысуы керек. Мемлекеттік органның өкілі қабылданған шешімдердің нәтижесі туралы қоғамдық кеңестерді құлағдар етуі қажет», – деп есептейді Марғұлан Сейсембай. 

Кәсіпкер қоғамның белсенділігі туралы пікірімен де бөлісті. «Көбі «біздің қоғам белсенді емес» деген пікірді айтып жүр. Мұнымен келіспеймін. Шындығына келсек, біздің қоғам – өте белсенді. Бірақ, көпшілігі оның белсенділігін көрмейді. Себебі, бұл белсенділік асүйде ғана орын алады. Кез келген үйдің ас ішетін бөлмесіне кіріп барып, азаматтардың қаншалықты белсенді екенін байқауға болады. «Біздің қоғам белсенді емес, тек мемлекеттік органдар ғана қандай да бір дүние жасауға талпынады» деу де дұрыс емес. Себебі, ел азаматтары мемлекеттік органға сенбейді. Сондықтан қоғам бастама көтеруге құлықты емес. Демек, қоғамның мемлекеттік органға деген сенімін арттыру керек», – дейді ол. 

Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев қоғамдық кеңестердің ІІ республикалық мәжілісінде қоғам белсенділеріне сыйақы тағайындау туралы бастама көтерді. Кәсіпкер Марғұлан Сейсембай мұнымен келіспейтінін айтты. «Қоғам белсенділеріне қоғамдық қызметі үшін сыйақы тағайындау – нонсенс. Ақылға сыймайтын дүние. Мәселен, маған қоғамдық қызметім үшін ешкім ақша төлемейді. Қайта өзім қаржы шығарамын. Қоғамдық қызметке өз қаржысын жұмсап отырған біраз белсендіні де білемін. Сондықтан қоғам белсенділеріне сыйақы тағайындауға жол бермеу керек деп есептеймін. Мен бұл жерде министрге емес, оның ұсынысына қарсы екенімді атап өткім келеді», – деді кәсіпкер. Сондай-ақ министр қоғамдық кеңестің мүшелерін іріктеуде квота қалыптастыру бастамасы көтеріліп отырғанын жеткізді. 

Марғұлан Сейсембай бұған қатысты да өз ойын білдірді. «Егер қоғамның қоғамдық кеңеске деген сенімі болмаса, ешкімнің суырылып ортаға шықпасы анық. Тиісінше, кеңестің жұмысына атсалысқысы келетін әйелді де, өзге ұлт өкілін де таппайсыз. Ал кеңеске мүше болуды заңнама тұрғысынан реттейтін болсақ, онда оны орындау үшін қоғамдық кеңестердің құрылуына жауапты органдар формальды түрде кеңеске мысалы бір кәрісті, бір немісті, бес әйелді мүше етіп қояды. Бірақ, олар қоғамның белсенді өкілі болмауы да мүмкін ғой?! Бұл тағы да заңды формальды түрде орындау болып шығады. Сондықтан қоғамдық кеңестерге деген сенімді арттыру керек. Егер қоғамның олардың айтқан бұйымтайы, көтерген мәселесі қоғамдық кеңестер арқылы мемлекеттік органға жетіп, шешімін табатынына көзі жетсе, азаматтар қоғамдық кеңестің жұмысына ерікті түрде қатысады. Кеңеске мүше болуға ерікті адамдар көбейген кезде квота қалыптастыру мәселесін де қарастыруға болады», – дейді ол. 

Сонымен қатар, Марғұлан Сейсембай қоғамдық кеңеске сотталған немесе әкімшілік жаза арқалаған адамдарды алмау туралы нормамен келіспейтінін жеткізді. «Қоғам белсенділерімен жиі кездесіп, пікірлесемін. Бір байқағаным, олардың көбі – сотқа тартылған немесе әкімшілік жаза арқалағандар.  Сондықтан сотталған немесе әкімшілік жазаға іліккен адамдарды қоғамдық кеңестің мүшелегіне алмау туралы норманы қайта қарау керек. Мұндай қадамға бару арқылы қоғамдағы шын белсенді адамдар шектеліп қалады», – дейді Марғұлан Сейсембай. Еске сала кетейік, бүгінде Қазақстанда 229 қоғамдық кеңес бар. Олардың 16-сы – республикалық, 213-і облыстық деңгейде жұмыс істейді. Қоғамдық кеңестердің жұмысына 3 907 адам тартылған. 

Фархат Әміренов