Қазақстан жаңалықтары
Жыл басы суыт хабардан басталды
19 жастағы Аяжан Еділованың жоғалғаны жайлы хабар 19-шы наурызда тарады. “Сымбат” Академиясында оқиды, сонда жұмыс істейтін сүйкімді қыз қайда кетті деп бәріміз дабыл қақтық.
Кеше мәйіті табылғанын естідік.
Бұл қалай? Айдың күннің аманында жігітпен кездесуге кетіп өлігі табылғаны несі? Екі күн бойы Аяжанды полиция іздеді ме? Алматыда маньяк бар ма? Сансыз сұраққа бас қатырып тұрғанда телефоныма марқұмның әпкесі хабарласты. Жылап отырып жеткізгені мынау:
“19.03. жұмыстан шыққан Аяжанды Индрайвер қызметі Қонаев көшесінен Алматы-арена маңына әкеледі. Сол жердегі зәулім үйдің біріне енген бойжеткен сол күйі ол жақтан тірі шыққан жоқ. Алдымен Медеу аудандық полиция арызды қабылдамай 20/03 түске дейін жүрдік. Құдай-ау такси қызметтерін тексерсеңіздерші, телефоны белгілі, Индрайверге запрос жібер десек, бізге қазір демалыс деп айтты. Ал, өз бетімізбен индрайверге өтініш беріп ек, құзырлы орындарға ғана жауап беретінін жеткізді. Жүгіріспен 1 күн өткізіп алдық, Полициядан қайран жоқ екенін білдік. 21/03 кешке өз таныстарымызды қосып, Яндехске өтініш тастадық. Мәскеуден 15 минутта жауап келді, сіңілімнің қай жерден қандай таксиге мінгенін, қай мекен-жайға кеткенін білдік. Білдік те жүгірдік, өкінішке орай мәйіттің үстінен шықтық. Денесі пышақталған, бәлкім зорланған қорланған... 2 күн бойы өрімдей қыз күдіктімен бетпе-бет қандай азапты бастан өткергенін білмейміз. Неге, неге полиция адам жоғалды дегенде шұғыл қимылдамайды, Егер, Алматы полициясы дер мезетте индрайверге запрос жіберіп, мекен-жайды анықтағанда бәлкім Аяжанды құтқарар ма едік? Тіпті, бір күннен кейін тапсақ та , мүгедек болып қалса да тірі табар ма едік?” деп еңіреп жылады туысы.
Жұбатуға сөз таба алмадым...
Қанат Таймерденов басқаратын департамент күдікті ұсталғанын, тергеу жұмыстары басталғанын жеткізді. Қылмыстан бұрын оны болғызбау, алдын алу, шұғыл әрекетпен кім айналысады сонда? Журналист емес ұл-қыз өсіріп отырған Алматылық ата-ана ретінде бұл қылмыстың тергеп-тексерілуі ашық һәм әділ өтуін талап етемін!
Мен криминалдық Алматының емес бұрынғы алаңсыз жастық кезімдегі шырайлы шаһардың тұрғыны болғым келеді!
Марқұмның ата-анасына, барша туыстарына көңіл айтамын.
Гүлмира Әбіқай, журналист