Әлеумет
Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) тинеджейлермен кибербуллинг туралы сұрақтарға жауап береді
Қазіргі жасөспірімдер кибербуллинг құрбандарына айналып жатыр, яғни желіде қорқытып-үркітуге, мазақ пен кемсітуге ұрынады. Әйтсе де мамандардың кеңесі көбінесе ата-аналарға арналған, оларға балаларын желідегі мазақтаудан және қорқытудан қалай қорғау керек екені айтылады. Осыған орай Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) тинеджейлермен кибербуллинг туралы ашық диалог құруды бастады.
Қордың қызметкерлері сарапшылармен, Facebook, Instagram және Twitter секілді әлеуметтік желілердің өкілдерімен бірлесіп әлемнің жасөспірімдерін интернеттегі қорлыққа, оның салдарына, онымен қалай күресу керектігіне назар аударуға шақырды.
Сонымен кибербуллинг туралы балаларға арналған танымал 10 сұрақ және олардың жауаптары
1. Достық пейілмен келеке қылудың мен әзілдеудің кемсітуден айырмашылығы қандай ?
Достар бір-бірімен үнемі әзілдеседі. Бірақ кейде адам әзілдеп тұр ма, әлде саған әдейі тиісіп тұр ма – ажырату қиын болып жатады. Кейде адамдар сізге жағымсыз сөз айтып алып, кейін: «Қойшы, жай әзіл ғой», «Көңіліңе ауыр алып қалма» дей салуы мүмкін. Егер мұндай қылық ұнамаса, ойыңа алып қалсаң, адамдар сенімен бірге емес, саған күлсе – демек бұл жақсы жағдай емес. Егер саған бұл мазақтау ұнамағанын айтсаң да, олар бұл әрекетін тоқтатпаса – бұл кемсіту деген сөз. Бұған көнуге болмайды, бірден көмекке жүгіну қажет.
2. Интернетте кемсітудің салдары қандай?
Кибербуллингтің салдары көп. Кемсіту адамның эмоциялық күйіне кері әсер етуі мүмкін. Реніш, көңіл түсу сезімдері пайда болады, ұят сезімі оянып, әдетте ұнайтын нәрселерге қызығушылық жоғалады. Кейде эмоциялық күйі денсаулыққа да әсер етеді – тамаққа тәбетің тартпай, ұйқың бұзылады, шаршап, бас ауыруы мүмкін. Кибербуллинг өзіне қол салуға да әкеліп жатады.
3. Интернетте әлдекімнің құрбанына айналғанда кімге жүгіну керек?
Егер сені кемсітсе, бірінші кезекте сенім арта алатын ересектерге – ата-анаңа немесе жақын туысыңа жүгінген жөн. Мектепте сүйікті мұғаліміңмен, бапкеріңмен немесе психологпен сөйлесе аласың. Егер белгілі бір себептермен өзің танитын адамдардың ешқайсысымен сөйлескің келмесе, кәсіби көмекке жүгіне аласың. Интернеттен балалар мен жасөспірімдерге арналған сенім телефонын тауып ал. Әдетте бұндай телефондар тәулік бойы жұмыс істейді, қоңырауға осындай мәселелермен айналысатын тәжірибелі психологтар жауап береді. Егер дәл қазір саған қауіп төніп тұрса – тез арада полицияға хабарлас.
Әлеуметтік желілерде саған қысым көрсетілсе – соларды дәлелдейтін айғақ та жинаған дұрыс. Яғни сені қорлайтын, сенің ар-абыройыңа нұқсан келтіретін мәтін хабарламалар, посттың немесе комментарийдің скриндері. Әлеуметтік желінің қызметкерлеріне де арыздануға болатынын ұмытпа. Facebook, Twitter және басқа да желілерде буллинг туралы шағымдануға болатын бөлімдері бар.
4. Мені Интернетте мазақ қылады, бірақ мұны ата-анама қалай айту керегін білмеймін. Әңгімені қалай бастау керек?
Әркімнің ата-анасымен қарым-қатынасы әр түрлі. Бірақ қалай да мұндай әңгімені бастау керек. Бұндайда бәріне ыңғайлы уақытты таңдаған дұрыс. Яғни ата-анаңның қолы бос, ешқайда асықпаған кезде және сені тыңдай алатын уақыт болғаны жөн. Оларға сен үшін бұл үлкен проблема екенін түсіндіруге тырыс. Әке-шешең әлеуметтік желілер туралы көп біле бермеуі мүмкін, сондықтан осы тақырыпта қосымша түсіндіріп айтып беруге тырыс.
5. Ересектердің көмегіне жүгінгісі келмейтін, қысым көріп жүрген достарыма қалай көмектесе аламын?
Кез келген адамға қолдау қажет. Алдымен әңгімеге тартып, досыңды немесе құрбыңды тыңдауға тырыс. Ол не сезеді, басынан өткен оқисын ересектерге жеткізгісі келе ме, көмекке мұқтаж ба – соны білу керек. Ересектерге бірге барайық деп айтып көр. Егер ол бас тартса, сенім артуға болатын ересек адамды табуға тырыс. Көмекті содан сұрап көр. Әрекетсіздік жаман салдарға әкелуі мүмкін.
6. Интернетті пайдалануды жалғастыра отырып кемсітуден қалай аулақ болады?
Әлбетте интернетті пайдаланудан бас тарту мүмкін емес. Олай жасап та керегі жоқ – онда көптеген пайдалы ақпарат пен ресурс бар. Әйтсе де әлеуметтік желілерде кейбір «достарды» бұғаттап тастауға, кейбір қолданбалар мен бағдарламаларды өшіріп тастауға немесе интернеттен демалу үшін белгілі бір уақытқа оффлайнға кетуге болады.
Сонымен қатар бәріне жайлы болатын интернетті құруға болады. Сондықтан өзіңнің тәртібіңді де назарда ұстаған жөн – сыпайы болу, басқа қолданушыларға құрмет білдіру.
7. Интернеттегі жеке ақпаратымды қалай қорғаймын және оны маған қарсы қолданбау үшін не істеу керек?
Алдымен сен әлеуметтік желіге постты не үшін жариялайтыныңды және оны кімдер көре алатынын ойланып алған жөн. Әлеуметтік желілерде жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін баптаулар бар: сенің жарияланымыңды көре алатын адамдар шеңберін шектей аласың немесе аккаунтыңды толығымен жауып тастап, белгілі бір қолданушылардың комментариін бұғаттауға, «бөлісу» функциясын сөндіріп тастауға, фотосуретті жүктеп алудан қорғауға және басқа да көптеген амалдарды қолдануға болады.
Есте ұста: интернетте жарияланған ақпаратты жеке парақшадан жойып тастағанның өзінде серверде сақталып қалуы мүмкін. Ашық көздерге өзіңнің үй мекен-жайыңды, телефоныңды немесе мектеп нөміріңді жариялама.
8. Кибербуллинг үшін жаза бар ма?
Көптеген мектепте кемсітуге қарсы шаралар қарастырылған. Егер сыныптастарың немесе мектебіңде оқитын басқа балалар сені мазақтаса, бұл туралы мұғалімге хабарла. Кінәлілер жазасын алуы керек.
Өкінішке орай көп елде кемсітуге, әсіресе кибербуллингке қатысты заң жоқ. Себебі бұл жаңадан пайда болған құбылыс. Кінәлілерді жауапқа тарту қажет болғанда әдетте жыныстық қатынасқа тарту секілді ұқсас құбылыстарға қатысты заңдар қолданылады.
Әлеуметтік желілерде өзін ұстаудың белгілі бір ережесі мен стандарты бар, оны бұзғандарға шағым тастауға болады, ол туралы 3 бөлімде айтып кеттік. Әлжелілер командасы тиісті шаралар қолданады, тіпті қолданушыны толығымен бұғаттауға дейін бара алады.
9. Интернет-компаниялар кибербуллинг үшін жауапты бола ма?
Интернет-компаниялар бұл құбылысқа көбірек көңіл бөле бастады және жоғарыда айтылғандай тиісті шаралар қабылдай бастады. Алайда онлайн-платформалар кемсіту мен тиісуге қарсы күресті бұдан да күшейтуі керек, ал қолданушылар бұл туралы үнемі еске салып, құқық бұзу оқиғаларын хабарлап, шаралар қабылдауын талап етіп отыруы тиіс.
10. Интернетте балалар мен жасөспірімдерді кибербуллингтен қорғайтын арнайы тетіктер бар ма?
Бұған дейін де айтылғандай әр әлеуметтік желінің мазақтау мен кемсіту, қорқытып-үркіту оқиғалары туралы хабарлауға болатын тетіктері бар. Бұл туралы 3 бөлімде жаздық.