Bugin
Халық санасы төмен дәрежеге түсіп кеткен
Қазіргі таңда халық санасы төмен дәрежеге түсіп кеткен бе деген ой келеді. Абай 42 қара сөзінде “Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді?” деген. Расында қазақты құртып жатқан жалқаулық пен жұмыссыздық. "Алма, піс, аузыма түс" дейтін адамдар қатарына кіріп барамыз ба?
Аңқаулығы да жоқ емес. Айдағанның алдында, алдағанның арбауында кете береді. Осы аңқаулықты пайдаланып кететін қу түлкі сықылды адамдар да жетерлік. Аңқаулықтың соңы сан соғып қалуға әкеледі. Соның бір дәлелі қаржы пирамидалары. Аңқау адамдар соған сеніп ақшаларын ұстата салады, соңынан бармағын тістеп қалады.
Қолы бос, уақытын әлеуметтік желіде өткізетін адамдар өте көп. Ең сорақысы сол адамдар жалған ақпаратты естіп алып, талқылап, соңында бір-біріне қарсы шығып, ұрсысып отырады.
Нартай Аралбайұлы YouTube әлеуметтік желісінде Қазыбек Исадан сұхбат алған болатын.
Нартай Аралбайұлы: Топастардың қоғамға зияны қандай? Неге біздің қоғам фейктің жетегінде кетті?
Қазыбек Иса: Анық ақпаратқа көзі жетпей отырғандар бар. Солар жалған ақпаратқа қосылып кетеді. Біліп қосылса мейлі, білмей қосылады. Кейде әлеуметтік желіні қарап отырсаң, өмірде көрмеген, жолың түйіспеген адамдар қосылып алады да жамандайды. Бұл – қоғам дерті.
Көзі ашық, көкірегі ояу жастарымыз баршылық қой деп жүргенде олар да шет ел мәдениетіне қызығып, қазақтығын жоғалтып барады.
Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды деп көз жұма қарағанымыз жөн бола ма? Ешкімге позитив не негатив пікір айтпаймын. Себебі адамдар әрқашан мені таң қалдыра алады.