Bugin
Ресейлік музыкант Юрий Лоза Imanbek-тің жақында алған "Грэмми" жүлдесі жайлы пікір білдірді
Естеріңізде болса, осы жылы қазақстандық диджей Imanbek "Грэмми" сыйлығын жеңіп алған еді. Мұндай оқиға еліміздің тарихында ешқашан болмаған. Алайда, ресейлік музыкант Юрий Лоза бұл жеңіс Imanbek-тің танымалдылығына еш кепілдік бермейтінін айтты.
"Бұл сайысты ең негізгі музыкалық жарыс деп кім айтты? Біріншіден, мен бұл шараны тек америкалық сайыс деп есептеймін. Олар тек өз заңдары бойынша өмір сүреді әрі әрқайсысының музыкалық стильдері бар. Бұл елге өзгелердің маңызы жоқ. Сондықтан, біз де оларға дәл солай қарауымыз керек.
"Грэмми" – бұл өзгелердің дамуына көмектеспейтін тек бір ғана елдің музыкалық премиясы. Мысалы, бұл даму жағынан латындықтарға еш көмектеспейді. Себебі, Америкада шығыс елінің әндері танымалдылыққа ие емес. Сол секілді, біздің де жеке мәдениетіміз бар. Ал Америкада не болып жатқандығы, музыкалық бағытының қандай екендігі бізді ең соңынан мазалауы тиіс", - деп мәлімдеді Юрий Лоза.
Кейіннен ол, бірнеше мысалдар келтіру арқылы өз ойын жеткізді.
"Айтыңыздаршы, ABBA тобы швед елінің мәдениетіне қандай пайда әкелді? Ешқандай! Себебі, олар британдық музыкамен жұмыс істеп, ағылшын тілінде ән салды. Сондықтан, бұл диджей Қазақстанға еш абырой әкелген жоқ, тек өзін көрсетті. Маған біреу Америкада танымал боламын дегенде, мен оларға "Сіз америкалық мәдениетке қызмет етесіз" деп жауап беремін. Біреудің не орысша емес, не қазақша емес, тек ағылшын тілінде ән салуынан еш пайда жоқ!", - деді музыкант.