Білім және ғылым

Өзбекстан Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесіне қызығуда

Өзбекстан Республикасы Президенттік, шығармашылық және мамандандырылған мектептерді дамыту агенттігі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесіне қызығушылық білдіруде

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен PIIMA өзбек агенттігінің басшылығы заманауи инновациялық мектептерді құру мен олардың қызметіндегі басым бағыттарды талқылады.

– Бүгінде біз білім беру стандартын, сондай-ақ оқытудың әдістемелері мен технологияларын жетілдіру, білім беру ұйымдарының жаңа модельдерін қалыптастыру және тарату, педагогтарды кәсіби дамыту бойынша кешенді көзқарас тұрғысынан жұмыс атқарып келеміз, – дейді Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Президенттік, шығармашылық және мамандандырылған мектептерді дамыту агенттігінің директоры Хилола Умарова.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова алғашқы жылдары Ұлыбританияның, Финляндияның, АҚШ-тың және де өзге де көптеген елдердің білім беру жүйелері зерттелгенін, содан кейін қазақстандық идеология, отандық менталитет, мәдениет пен дәстүрлер негізінде Зияткерлік мектептердің өзіндік бағдарламасы – NIS-programme құрылғанын атап өтті.

Шетелдік әріптестерді оқу-әдістемелік материалдар және оларды әзірлеу, жазғы лагерлерді, олимпиадалық қозғалысты ұйымдастыру жөніндегі практикалық сұрақтар қызықтырды.

PIIMA (Prezident, ijod va ixtisoslashtirilgan maktablarni rivojlantirish agentligi) – Өзбекстанда 2019 жылғы қыркүйекте Республика Президенті Шавхат Мирзиеевтің Жарлығымен құрылған дарынды балаларға арналған инновациялық мектептер.

Өткен жылдың желтоқсан айында Агенттік делегациясы Нұр-Сұлтан қаласына келіп, елордадағы үш Зияткерлік мектептің, Педагогикалық шеберлік, педагогикалық өлшемдер және білім беру бағдарламалары орталықтарының жұмыс барысын зерттеді.