Қоғам

Жігітпен кездесуде қыз өзін қалай ұстау керек?

Қыздың өзін ұстауы жайлы психолог Камила Мергенбаева кеңес берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

2021 жылы 20 наурызда болған Аяжанның өлімі қоғамды бір сілкінтті. Оқиғадан соң көптеген қыз өз өміріне алаңдаулы. Мұндай сұмдықтың алдын алу мақсатында Bugin.kz тілшісі психолог Камила Мергенбаевамен тілдесті.

Жігітпен кездесуде қыз өзін қалай ұстау керек?

– Бүгінде әлеуметтік желіде танысу –  қалыпты жағдай. Бір-бірін білмейтін, танымайтын адамдар кездесіп жатады.  Бұл тұрғыда қыздарға айтарым – жігітпен кездеспес бұрын оның әр сөзіне  мән беру қажет. Тек толық сенімге ие болған жағдайда кездеcкен абзал. Кез келген адамда туғаннан ішкі сенімсіздік (ред.базовое недоверие) болады. Сендім деген күннің өзінде іштей күдік туындайды. Көп жағдайда қыз бен жігіт ішкі сенімсіздікке мән бермейді. Соның салдарынан қоғамда түрлі оқиғалар болып жатыр. Ішкі сенімсіздік адам өмірін сақтауға көмектеседі. Бұл «ешкімге сенбеу керек» деген сөз емес. Тек сенімсіздігіне бейжай қарамағаны дұрыс.

Таныстықтан кейінгі нақты қадамдар қандай болу қажет?

– Таныстықтан соң өзіңіз жайлы барлық ақпаратты жайып салмаңыз. «Қайда тұрасыз?», «Туыстарыңыз кім?», «Қайда жұмыс жасайсыз?» сынды сұрақтарға толық жауап бермеңіз. Жігіт жайлы білмей жатып, өзіңізді айтпаңыз. Тек екінші тараптың жауабын алып, қанағаттансаңыз ғана жауап беруге болады. Нақты қадамдар ретінде «Кіммен тұрады?», «Араласатын ортасы қандай?», «Ата-анасы кім?» сияқты негізгі ақпараттарды біліңіз. Таныстықтан кейінгі кездесу адамдар көп шоқырланған саябақта, сауда орталығында өткені дұрыс. Қыз қанша жерден мықты болсын, ер азаматқа қарағанда әлсіз. Осы арқылы қауіптің алдын ала аласыз. Көп адам болғандықтан өзіңізді жалғыз сезінбейсіз.

Қыз психологиялық тұрғыдан қалай мұндай сұмдықтардың алдын ала алады?

– Психологияда «Әйел – ашылмаған кітап» дейді. Кез келген жігіттің, күйеуіңіздің алдында өзіндік құпияңыз болсын. Сіздің адамыңыз сіз жайлы бар мәліметті білмеу қажет. Ең алдымен қарым-қатынастың мақсатын анықтап алыңыз. Бүгінде бір реттік қатынастар (ред.одноразовое отношение) қалыпты жағдайға айналды. Бұрынғыдай отбасы құрамын деген ниетсіз кездесетін қыз бен жігіттер бар. Біздің менталитетіміз басқа болғандықтан бұл жайтқа көңіл аударғаныңыз дұрыс. Бәрінің басын ашып алыңыз. Сіздің ішкі ниетіңіз де сұмдықтың алдын ала алады.

«Әйелдер құлақпен сүйгіш» дейді. Бос сөздерге алданып қалмау үшін не істеу керек?

– Әйелдердің жылы сөзді сүйетіні рас. Тек жігіттен естіген тәтті сөздерден соң осы менікі екен деп құлай кетпеңіз. Сезімге берілмеңіз. Сақ болыңыз. Бүгін өтірік айтпаса, ертең айтуы мүмкін. Психологиядағы тағы бір ереже бар: «Бір өтірік айтқан адам тағы да өтірік айтады». Сізді бір рет алдаған болса, ол тағы да қайталанады. Қайта-қайта алданғыңыз келмесе, осыны есте сақтаңыз.

Қыздар өзін ғана емес өзгені тани алу үшін қандай кітаптар оқуға кеңес бересіз?

– Өзін танымаған адамның біреуді тани алуы екіталай. Қыздар өзін толық білмей, жігітті біле алмайды. Алдымен өзіңізді тануға тырысыңыз. Өзін-өзі тану үшін Зигмунд Фрейдтің «Психоанализ» («Введение в психоанализ») кітабын ұсынамын. Осы кітапты оқу арқылы өзіңіздің қай кезеңде неліктен қателескеніңізді, неге алданғаныңызды біле аласыз. Іштей сараптауды үйренесіз. Қазір психологиялық треннингтер, коучтар жетерлік. Мұндай шаралардан қалмағаныңыз дұрыс. Бүгінде көбі өзін тануға ұмтылады. Әркім өзінің ой өрісіне лайықты кітапты тауып оқығаны дұрыс.