МӘДЕНИЕТ

Мұқағалиды аңсау

Қазақ халқының ұлы тұлғасы Мұқағали Мақатаев ақынымыз жайлы сөз қозғап, еске алайық

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мұқағали Мақатаев - қазақ халқының ұлы тұлғасы, мемлекетіміздің үлгі ұстар қайраткері. Әбділдә Тәжібаев айтқандай: "Мұқағали Мақатаев — біздің замандағы ғажайып ақындардың бірі. Мақатаев атты алып ақындық жарқын жүзіне, миллион адам миллион түрлі пікір пайымдаса да, ешбір кіреуке, көлеңке түспей келешекке қарай керуен түзеп, көше бермек". Иә, осы ақынымыз жайлы көптеген пікірлер айтылды. Кейбір адамдар, тіпті, оны ақын ретінде мойындамаған. Тек, осындай алып тұлға қайтыс болғанда ғана мойындаған халық та, мойындамаған халық та, барлығы Мұқағали атамыздың алдында бас иіп, кешірім сұрайды. Мәселен, Мұқаметжан Қаратаев та: "...Арамыздан тым ерте кеткен тамаша ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың алғашқы қадамында-ақ оның аяқ алысынан айрықша талант иесі екенін аңғаруға болатын еді. Аңғармаппыз..." – деген болатын.

Ақынның туындылары, өлеңдері, шығармалары – ерекше шеберлік. Ол өлеңнің арқасында өмір сүріп, дәл осы өлеңнің арқасында күн көрді. Тіпті, ауыр халде, өлім аузында жатса да, қолынан қаламын тастаған емес. Ол - өзінің поэзиясына барынша берілген, өмірімен тең көрген ұлы ақын болып табылады. Ол өлең ғана жазып қоймай, сонымен қатар басқа тілдегі көптеген туындыларды аударған болатын. Осы себепті мақтан тұтарлық тұлғамызды Қазақстан мемлекеті ғана емес, басқа да елдер біледі десек, қателеспейміз. Себебі, өзге ел өкілдері Мұқағали Мақатаев туралы пікірлерін білдіріп кеткен болатын. Олардың қатарында К.В.Скворцовтың: "Қазіргі қазақ әдебиеті туралы сөз қозғасам, аузыма ең алдымен, аса ірі ақын Мұқағали Мақатаев түседі. Оның творчествосымен көптен таныспын. Аудармалары діттеген жерден шықпай жатса да, оның ақындық қуат деңгейі мен парасат өрісі кім-кімді болсын таңғалтпай қоймайды", – деген сөзі бар.

Сөзімді қорытындылайтын болсам, Мұқағали ақынымыз мәңгілік біздің жанымызда және жадымызда дегім келеді. Ол өзінің 1974 жылғы 16 желтоқсан күні жазған күнделігінде: "Мен ХХІ ғасыр ұрпағының құрдасымын, ХХІІ ғасыр ұрпағының туысымын", – деген екен. Сондықтан, Мұқағали Мақатаев – біздің құрдасымыз, туысымыз, мақтан тұтарлық ең ұлы тұлғамыз.