Денсаулық
Бұл вакцинаның тиімділігі 95% деп мәлімделген
Қазіргі уақытта әлемде ДДСҰ тарапынан бағаланған 15 вакцина бар. Олар Ресей, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан және Оңтүстік Кореялық екпелер. Ал қазақстандық вакцина әзірге клиникалық сынақтың үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Соның ішінде Moderna вакцинасын ерекше атап өтпекпіз. Бұл вакцинаның тиімділігі 95 пайыз деп мәлімделген. Америкадағы оқып жүрген Ажар Moderna вакцинасын салдырған. Ол вакцинаны салу процесі мен одан кейін өзін қалай сезінгендігі жайлы баяндап берді.
Ажар Нургалинова - АҚШ-тың Калифорния штаты Сакраменто қаласында тұрады. Қазір Otis College of Art and Design оқу орнында Extension бағдарламасы бойынша Animation мамандығында қашықтықтан біліп алып жатыр. Биыл Америкада жүргеніне үш жылдың жүзі болған. Ол жақында ғана Moderna екпесін алған.
- Маған әлеуметтік желі арқылы достарымнан сілтеме келді. Бұл сілтеме бойынша тұрғылықты жеріңе жақын маңдағы вакцинация пункттерінің мекен-жайын анықтайсың. Сосын егер екпе алғың келсе сол жердегі көрсетілген мекенжайлардың бірін өзің таңдайсың. Осы сілтемеде менде суық тию немесе тұмаудың белгілері бар ма я жоқтығын және вакцинадан екі апта бұрын қандай да бір басқа екпе салдырттым ба дегендей осыған ұқсас біраз сұрақтарға жауап беріп сауалнама толтырдым. Мен вакцинаны өз еркіммен барып алдым. Ешкім міндеттеп немесе мәжбүрлеген жоқ. Екпе қабылдауға арнайы дайындалған жоқпын. Бірақ мүмкіндік болғанда тұмауратып тұрмын ба әлде жоқ па деп соған көз жеткізіп алдым.
Екпе салу процесі
- Екпе салу процесі жергілікті EXPO орталығының аумағында өтті. Біз (жігітім екеуміз) үлкен тұраққа бардық. Сол жерде автомобильдерге арналған 3 - 4 кезек болды. Бізді сондағы қызметкерлердің бірі нақты қай маңға барумыз керектігін бағыттап көрсетті. Межелі жерге жеткен соң моторды сөндіріп, қауіпсіздік белдігімізді ағыттық. Сол жердегі медбике бізден тұмау белгілері бар ма, дәрі-дәрмекке аллергияң болды ма және соңғы 90 күн ішінде короновируспен ауырдың ба деп сұрады. Менде ондай ештеңе болмағасын “жоқ" деп басымды шайқадым. Ал дәл вакцина салатын кезде есікті ашып, жеңімізді көтеруміз керектігін айтты. Сосын білегімнен керекті жерді анықтап, жылдам екпе екті. Иә, бізге вакцинаны дәл машинаның ішінде отырғанда салды. Бұған шамамен 1-2 минут ғана уақыт кетті. Вакцина салған соң алысқа кетпей, сол маңда қандай да бір аллергиялық реакциялар байқалады ма деп 15 минут күтіп тұрумызды тапсырды. Бізден ешқандай қарсы көрсетілімдер байқалмаған соң маған шағын анықтама берді. Онда олар бірінші вакцинация бар екендігі туралы стикер жапсырды. Мен екінші екпені алатын кезде осы анықтаманы өзіммен алып келуім қажеттігін жеткізді.
Екпеден кейін...
- Қазір екпеден кейін екі жарым аптадай уақыт өтті. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Еш жерім ауырып тұрған жоқ. Басында екпе алғаннан кейін қолымда ғана аздап ауырсыну болды. 3-4 күн өткен соң ол да басылып қалды. Қазір қолым да, еш жерім де ауырмайды. Бұл короновирусқа қарсы алған алғашқы вакцинам. Енді маған екінші дозасын алу керек. Оны 4 - сәуірден кейін ғана баратынымызды атап өтті. Шамамен екпе қабылдағаннан кейін үш апта өткен соң ғана екінші дозасын салдырады екенбіз.
Вакцинаға көзқарасы
- Бастапқы уақытта вакцинаның зияндығы жайлы қауесет тараған кезде, әрине кішкене күмән болды. Бірақ содан кейін мен оның шын мәнінде не екенін және қалай жұмыс істейтіндігі туралы өзім ізденіп оқыған соң менің барлық күмәным сейілді. Дегенмен, бұрын күдік болған кезде де бәрібір екпе салдырғым келген болатын. Жалпы, менің ойымша, бұл вирустан сақтануда жақсы қорғаныс және иммунитетті жақсартудың дұрыс жолы деп есептеймін. Әйтпесе, ғалымдарға вакцина ойлап табудың не керегі бар? Мен американдықтардан вакцина туралы жағымсыз пікірлерді әлі естіген жоқпын