Weekend

Дәрежан Өмірбаев: Кино өнерінде, кинематографта актерлік ойын болмау керек

Режиссер кино өнерінің табыс көзі болып табылмайтынын айтады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Рейтинг пен атақ қуып кеткен “хайп” жасағыш әуесқой өнер иелерінің эстраданы қойып, отандық кино өнерін кассалық арзан фильмдерімен белсенді түрде “жандандырып” жатқанын білеміз.Ал, шын таланттылардың қай салада болмасын, таса мен көлеңкелерді ғана паналап жүретіні өкінішті.

 

Күні кеше отандық танымал басылымға кинорежиссер, “Шұға”, “Студент”, “Кардиограмма”, “Қайрат”, “Жол” сынды фильмдердің авторыДәрежан Өмірбаевпен болған сұхбат жарыққа шықты. Журналист Ұларбек Нұрғалымұлымен болған әңгімеде талантты режиссер өзінің киногер ретіндегі принциптері мен көзқарастарын ашып айтқан болатын.Сондай-ақ, әр сөзіне мысал мен дәлелдер келтіріп, тұщымды ойларын көсіле тарқатқан.

 

“Кино тілі”деген биік ұғым бар өнерде.Ол режиссердің актерлер ойыны көмегімен сюжетін баяндау емес, авторлық идеясын кино элементтері арқылы ұтымды әрі тапқыр жеткізу шеберлігінде жатыр."Киноны өнер биігінде түсірсең, өміршең болады. Көптің түсінігіне қолжетімді қылып түсірем десең бүгін мынаны, ертең ананы қалайтын көрерменнің жетегінде кетесің. Сол кезде ӨНЕР ЕМЕС, ӨНІМ өндіре бастайсың”деген ойды алға тартқан Д.Өмірбаев шынайы өнердің нәпақа табу мақсатында жасалмайтынын айтады.

 

Кәсіби кино өнері туралы кеңінен ой толғаған режиссердің бұл сұхбатын болашақ қазақ киносын алға сүйреймін деген ниетті барлық жас киносүйерлер де, кино өнерін жіті түсінбей-ақ сол салада жүрген “адасқандар” да оқып шығуы керек. Өйткені, онда тек авторлық киноның төңірегіндегі ғана әңгімелер емес, бүгінгі қазақ кинематографиясының мәселелері де астарлап жеткізілген. “Пәленшиев деген әнші мынадай кино түсіріп, кино өнерін ластап жатыр” деп тіке айтпай-ақ, өз көзқарасы турасында қазақ киносының әркімнің қолында кеткенін шебер жеткізген. Сұхбат барысында режиссердің интеллектінің, пайым-түсінігінің тереңдігін аңғару қиын емес.

 

Жалпы,Дәрежан Өмірбаев, Абай Қарпықов, Серік Апрымов, Эмир Байғазин, Әділхан Ержанов, Данияр Саламат, Кенжебек Шайқақов,Ерлан Нұрмұхамедов және басқа режиссерлер еліміздегі авторлық киноның туын көтеріп жүрген көштің өкілдері. 90-жылдардың басында белең алған бұл киноөндірістің шеберлері, жалпы халыққа түгел таныс емес болғанымен, алыс-жақын шет елдердегі фестивальдерде шетелдік киносыншылардың мойындауымен, шығармашылық биігін дәлелдей білген кәсіби мамандар.

 

Авторлық фильмдердің насихатталмауына жеткіліксіз қаржы мен халықтың басым бөлігінің қабылдай алмауы тұсау салып отырғаны қынжылтады. Бірінен бірінің жарнамасы асып түсіп жатқан той мен арзан махаббат туралы отандық кинокомедиялардың жарнамасынан көз ашпай отырған халыққа да “авторлық кино көрмейсің” деп кінә тағу орынсыз.Қайтпек керек?