Қоғам
Бұл Бурулай Тұрдалиева есімді қырғыз қызы. 2018 жылы 19 жастағы Бурулай полиция бөлімшесінде кісі қолынан қаза тапты
Оны 30 жастағы ер азамат алып қашып, қалыңдық етпек болады. Алайда полиция қызды алып қашқан сәтте оларды қала ішінде қолға түсіреді. Сөйтіп Бурулайды, оны алып қашқан жігітті және жігіттің досы болған көлік жүргізушісін бөлімшеге алып келеді. Сол сәтте жігіт полицияның басқа бөлмеге шыққан сәтін пайдаланып, есікті тарс жауып, полиция бөлімшесінің ішінде қызды пышақтап тастайды. Пышақты қайдан алған? Полиция тексермеген бе? Ол жағы үлкен сұрақ. Қызды ауруханаға жеткізгенше көз жұмады. Ал қылмыскер 20 жылға, оның досы 7 жылға сотталады. Бұл оқиға қырғыз қоғамын дүр сілкіндірген болатын. Шетелдік БАҚ жарыса жазды. Кейіннен қыз оқыған оқу орнында мынандай мурал пайда болыпты. Обал...
Бүгін Қырғызстан халқы тағы да митингке шықты. 5 сәуір күні ер азамат 27 жастағы Айзада есімді қызды алып қашады. Оны өзіне күштеп жар етпек болады. Полиция іздеу шараларын ұйымдастырып, көп ұзамай жігіттің көлігі табылады. Жігіт қызды қылқындырып өлтіріп, артынша өзіне қол салыпты. Халық бүгін "Ішкі істер министрі қызметінен кетсін" деп ұрандатып, наразылық білдірді.
Жалпы Орталық Азияда қызды алып қашу Қырғызстанда өте көп көрінеді. БҰҰ мәліметі бойынша әр бесінші қыз алып қашу арқылы тұрмысқа шыққан. Оның ішінде бір-біріне ғашық болып, өзара келісіммен алып қашу аз көрінеді. Сонда отбасын құрғандардың 20% алып қашу арқылы іске асқан болып тұр ғой. Қазақстанда да бұл дәстүр бар. Өзара келісіммен, қыз бен жігіт бір-бірін ұнатып, шынайы қосылып жатса жақсы. Ал танымастан бас қосып, қыз құқығын таптаса, онда аямай заң аясында темір торға тоғыта салу керек. 1995-2005 жылдары күштеп, қыз еркінсіз алып қашу фактілері көп тіркеліпті. Қазір аз және бұл дұрыс. Бізде де қызды келісімінсіз күштеп алып қашып, сотталып кеткендер бар. Жалпы алып қашудың тарихын білмегеннен-ау сол. Ата-бабамыз көбіне қыз бен жігіт бірі-бірін ұнатады, бірақ қалыңмалға жағдайы келмесе алып қашқан. Немесе қыз бен жігіт екі рудан, ал ол екі ру арасында араздық болса, онда екеуінің қосылуына кедергі болатынын біліп алып қашқан. Яғни жастардың арасында сезім болған.
Асхат Қасенғали,
Facebook-тегі парақшасынан алынды