Қазақстан жаңалықтары

Мамин: Ел аумағы түгелдей интернетпен қамтылады

2021-2022 жылдары Байқоңыр ғарыш айлағынан 8-ден астам спутник ұшыруды жүзеге асыру жоспарланып отыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «One Web» британдық компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Сунил Митталды қабылдады. Бұл туралы Bugin.kz платформасы inform.kz-ке сілтеп хабарлайды.

С. Миттал  Байқоңыр ғарыш айлағынан спутниктерді ұшыру жұмыстарының барысын баяндады. 

Қазіргі уақытта ғарышқа 110 спутник ұшырылды. 2021-22 жылдары Байқоңыр ғарыш айлағынан 8-ден астам спутник ұшыруды жоспарлап отыр. 

«One Web» жаһандық спутниктік желісі 1200 км биіктіктегі 18 орбиталық жазықтықтағы 648 спутниктен тұратын болады. 2021 жылдың соңында спутниктік желіні толық пайдалануға беру және оған Қазақстан аумағына қызмет көрсету жоспарланды. 

Тараптар Қазақстан аумағын, әсіресе ауылдық аймақтарды жылдамдығы жоғары интернет желісімен қамту мәселесін де қозғады. 

Орталық Азия елдеріне кейіннен «One Web» спутниктік интернетін эксклюзивті дистрибуциялау үшін Қазақстан аумағында шлюз станциясын орналастыру бойынша бірлескен кәсіпорын құру мәселесі қаралды. 

Кездесуге Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов, сондай-ақ цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қатысты. 

Айта кетсек, «One Web» компаниясы Интернет желісіне қолжетімділік (пайдаланушы терминалына 5-50 Мбит/с) бойынша қызметтерді ұсыну үшін жаһандық төмен орбиталық спутниктік желіні құрайды.