Bugin
Ауыз бекіткеткендерге вакцина салуға да, коронавирусқа қарсы ПТР-тест тапсыруға да болады
Бас мүфтидің орынбасары Ершат Оңғаров ораза кезінде коронавирус жұқтырып алған жағдайда дәрігерден кеңес алу қажеттігін мәлімдеді. Бұл туралы Bugin.kz платформасы sputnik.kz-ке сілтеп хабарлайды.
"Бақара" сүресінде ауырып қалған және жолда жүрген адамдар оразаны артынан ұстаса да болады деп жазылған. Сондықтан коронавируспен ауырып қалсаңыз, дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындауыңыз қажет", - деді Оңғар орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, ауыз бекіткеннен кейін вакцина салуға да, коронавирусқа қарсы ПТР-тест тапсыруға да болады.
"Шариғат ораза кезінде ине салуға рұқсат береді. Одан ораза бұзылмайды. Сол сияқты ПТР-тест оразаны бұзбайды. Өйткені тест құрғақ күйінде тамақтан және мұрын қуысынан алынады. Ішке қарай ешқандай дәрі, сұйықтық өтпейді", - деді наиб мүфти.
Айта кетейік, 2021 жылы қасиетті Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні. Ал 13 мамыр Ораза айттың бірінші күні болады.