Қоғам

«Шоқан» интеллектуалды пікірсайыс клубы – тәуелсіз ой, еркін пікір мекені

Клубтың негізін салушы  –  «Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп» КММ-нің директордың құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қызырхан Шыңғар мырза

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Шоқан» интеллектуалды пікірсайыс клубы  –  дебат ойыны негізінде құрылған оқушылардың бойында функционалды сауаттылығын арттыратын әлеуметтік мекен. Клубтың негізін салушы  –  «Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп» КММ-нің директордың құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қызырхан Шыңғар мырза. Жеті жылдан астам уақыт үздік дебатер атанып, дебат ойынын тарихта қалдыратын ұрпақтың болуын қалаған Шыңғар мырзаның үміті бүгінде ақталуда.

Алдымен, «Дебат деген не?» сұрағына жауап іздейік. Дебат- белгілі бір пікірсайыс түрі. Дебат тек зияткерлік ойын емес, ол – сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, ақпаратты дұрыс талдауға, командамен бірлесіп жұмыс істеуге, сұрақ қойып, оларға нақты жауап беруге үйрететін білім беру технологиясы.

XXI ғасыр –  көшбасшылар заманы. «Заманына сай адамы» болуы үшін адам бойында еркін ой мен тәуелсіз пікір қалыптасу керек. Ал, дебат  –  дәл осы қасиеттерді нұрландыра түсетін керемет дүние. Біздің ойымызша, дебат- қоғамға ең керекті нәрсе. Себебі, әр адамның ойын ашық білдіріп,белгілі бір көзқарастың пайда болуын дәріптейтін де осы дебат болып саналады.

«Шоқан» ИПК-ның негізгі мақсаттары – оқушы бойында еркін пікірді қалыптастырып, ораторлық қасиетті және сөз шеберін, шешендікті дамыту. Бүгінде осы мақсаттарға негізделе отырып жоспарлар мен іс- шаралар өткізу үстіндеміз. "Ақыр түбінде қара бұлт ашылып,қазақ жастарының да әлеуметтік теңдікке жететініне,өз елін бақытқа бастар азамат боларына,бүкіл қазақ қауымының қапастан құтыларына сенімім бар",  – деп Сұлтанмахмұт Торайғыров үміт еткендей, тәуелсіздікке қол жеткізіп,тәуелсіз елдің азат ұландарына айналдық. Ендігі кезекте ойын еркін жеткізе білетін, кез-келген жерде пікірін ашық білдіре алатын жастардың қоғамда көбеюі- елдің нұрлануына себеп. Дебат арқылы ораторлық қасиетке ие болып қана қоймай, мына үлкен өмірде өз орнын тауып,келешегін кемелдендіре алатын адамға айналамыз. "Шоқан" ИПК-да аталған ізгі қасиеттерді дәріптеп,өз бағыт-бағдарын таба алған, өзіне сенімді қазақ ұрпағы болғанымыз бірден-бір клубтың айқын жетістігі.

Клубтың атауы қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың есімімен байланысты болғандықтан, клуб мүшелерінен Шоқан атамыздың бойынан табылған ізгі қасиеттер көрінеді. Қазіргі таңда 13 бірдей дарынды оқушыларды қамтитын «Шоқан» интеллектуалды пікірсайыс клубы өз мақсат-мүдделерін орындауда. Клуб жетекшісі Қызырхан Шыңғар: «Бұл клубты ашудағы басты мақсатым- мектептегі сүт бетіндегі қаймақ тәріздес оқушыларды жинау арқылы ұлт зиялыларын тәрбиелеу. Сонымен қатар, дебат арқылы осы жас тұлғалардың бос уақытын тиімді өткізіп,пайдалы ақпарат жинауды көздейміз. Сол оқушыларды алға жетелеп, жетістікке жету үшін бар ақыл-кеңесімді аямауға тырысамын».

 

 

Жалпы клуб жетістіктеріне келетін болсақ, сан мәрте Республикалық студенттер және мектеп лигаларында бой көрсетіп, «Шоқан» ИПК мәртебесін асқақтатып жүргеніміз – жетекші мен клуб мүшелерінің үлкен абыройы. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Тұран университетінде болған Республикалық студенттер лигасы және тағы Тұран университетінде өткен Республикалық мектеп оқушылары арасындағы пікірсайысқа «Шоқан» ИПК мүшелері ұдайы қатысуда. Әр жарыстарда ақшалай сыйлық немесе грант ұтып алу мүмкіндігі қарастырылған.

 

 

Бүгінде «Шоқан» ИПК ұйымдастыруымен ауқымды мектепшілік турнир болып өтті. Үлкен абыроймен өткізілген бұл турнирдің мақсаттары – дебат арқылы оқушы бойында білім деңгейі мен сауаттылықтың артуына түрткі болу. Жақын арада Жамбыл ауданы бойынша дебаттық сайыс ұйымдастыруды қолға алдық.

«Көздерiнде от ойнар,
Сөздерiнде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемiн!»,-деп жырлаған Мағжан бабамыздың үміті мына біз
 – тәуелсіз ел ұландары болғандықтан,әр қазақ жастарының бойында ата-баба үмітін ақтар батылдық пен ұшқыр ой,еркін пікір мен ерекше патриоттық сезім болуы тиіс. Осы қасиеттерді бойымызда даралау үшін «Шоқан» ИПК мүшелері тарихы терең Түркістан мен Тараз және шырайлы Шымкент қалаларына экскурсияға барды. Қазақ елінің,жерінің кереметі мен құндылығына тағы бір мәрте көз жеткізуімізге себеп болған бұл іссапардың мақсаты айқын орындалды. Себебі, тамыры терең тарихымызға қайта бір үңіліп,ежелден қалған мирастың қадірін түсінуімізге түрткі болған  –  осы іссапар. Алдағы уақытта функционалды сауаттылықты арттырып, ел құндылығын көркейту мақсатымен Нұр-Сұлтан қаласына экскурсияға баруды көздеп отырмыз. 

«Жас мұраты, білім, тәлім — талабы
Өнер, оқу — жастықтың қару жарағы»,-екенін ескере отырып, бойдағы қайрат пен санадағы ақылды дұрыс жұмсау үшін «Шоқан» интеллектуалды пікірсайыс клубы жас дарынды тұлғаларды жетелеу мақсатында алға шығуда.