Қазақстан жаңалықтары
Несиенің ең ұзақ мерзімі – 25 жыл
Енді әйел адамға ипотекалық несие алу бұрынғыдан да қол жетімді. Бұл туралы Отбасы банкі мәлімдеді деп хабарлайды Bugin.kz платформасы.
«Достар, қазақстандықтар конкурс шеңберінде атауын анықтаған, Отбасы банкінің ең сүйкімді жандарға арналған "Ұмай" деп аталатын ипотекалық бағдарламасы 12 сәуір күні басталатынын қуана хабарлаймыз», - делінген аталмыш ведомствода.
Яғни бүгіннен бастап арнайы мамандардан консультация алып, құжаттарыңызды даярлай берсеңіздер болады.
Жаңа бағдарлама отандастарымызға несиені 15% бастапқы жарнамен немесе депозитке салым салмай-ақ рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Бағдарлама бойынша, несие мөлшерлемесі 12% және алдағы уақытта, яғни тұрғын үй заемына аусқан кезде несие мөлшерлемесі 3,5% - ға дейін төмендейтін болады.
Тұрғын үйдің ең жоғарғы құны – 30 млн теңгеге дейін.
Бағдарламаға қатысу үшін отбасының жалпы табысы 320 мың теңгеден аспауы тиіс.
Ал енді мысалдар арқылы қарастырайық:
Егер отбасы табысы 200 мың теңгеден аспайтын болса, несие сомасы тұрғын үйді бағалау құнының 85%-ына дейін. Мысалы, пәтерді бағалау құны 10 млн теңге болса, несиеге 8,5 млн теңге дейін алуға болады
Егер отбасы табысы 320 мың теңгеден аспайтын болса, несие сомасы тұрғын үйді бағалау құнының 80%-ына дейін. Мысалы, пәтерді бағалау құны 10 млн теңге болса, несиеге 8 млн теңге дейін алуға болады
"Ұмай" әйелдер ипотекасы бойынша қаражатты тұрғын үйді алғашқы немесе қайталама нарықтан сатып алуға да, жылжымайтын мүлікті жөндеуге де пайдалануға болады.
Жөндеу жұмыстарына 3 700 000 теңгеге дейін алуға болады. Шарт бойынша клиент жөндеу жүргізілетін тұрғын үйдің меншік иесі немесе бірнеше меншіктерінің бірі болуы тиіс.
Атыңызда баспана бар-жоғы тексерілмейді.
Егер клиенттің табысы жеткіліксіз болса онда кез келген 1 немесе 2 адамды заемшылас ретінде шақыруына болады.
Ал несиенің ең ұзақ мерзімі – 25 жыл.