Bugin

Жұмыстан қуылған полиция басшысы қайта бастық болды

Былтыр сәуір айында карантин талабын бұзып, жұмыстан қуылған Жанболат Зиадин қайта жаңа лауазымға тағайындалды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Былтыр сәуір айында карантин талабын бұзып, жұмыстан қуылған Алматы қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Жанболат Зиадин қайта жаңа лауазымға тағайындалды. Енді ол Талғар ауданының полиция басқармасын басқарады. Бұл туралы Bugin.kz платформасы Inform.kz-ке сілтеп хабарлайды. 

Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған кадрлық тағайындауға байланысты пікір білдірді. 

«Полиция полковнигі Ж. Зиадин әртүрлі басшылық қызмет атқарды және ішкі істер органдарында үлкен жұмыс тәжірибесі бар (20 жылдан астам) қызметкер. Сонымен қатар, Ж. Зиадиннің Талғар АПБ бастығы лауазымына 2021 жылдың 5 ақпанында тағайындалғанын хабарлаймыз. ҚР ІІМ штаттық лауазымдарына сәйкес, бұл лауазым бұрын босатылған лауазымынан бір саты төмен болып табылады»,- делінген ведомствоның ресми мәлімдемесінде. 

Айта кетейік, 2020 жылдың сәуір айында Ж. Зиадин Алматы қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы лауазымынан карантиндік режим нормаларын бұзғаны үшін «атқаратын лауазымынан босату» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Алдымен желіде жол ережесін өрескел бұзып жүрген жол талғамайтын көлік көрсетіледі және олардың блокпостан еш кедергісіз өткенін көруге болады. Артынша үлкен дастархан басындағы басқосу бейнежазбаға жазылған. Осы видеоға байланысты артынша лауазымды тұлғаға қатысты қызметтік тексеру басталып, басшылық қызметімен қоштасқан. 

«Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің «65-бабының 3-тармағына сәйкес «әрбір тәртіптік теріс қылық үшін қызметкерге тек бір тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін»,- деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.