Қазақстан жаңалықтары

"10 метрдей сүйреп кеткен". Шымкентте 5 жасар қыз қайтыс болды

Оқиға куәгерлерінің бірі "ол рөлде құлаққаппен отырды" десе, енді бірі оның тамақ жеп келе жатқанын көрдік дейді.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шымкентте бес жастағы қыз бала автобус астына түсіп жан тапсырды. Куәгерлердің айтуынша, қоғамдық көлік жүргізушісі кішкентай қызды басып кеткенін мүлдем байқамаған.

Бұл туралы Bugin.kz платформасы "Астана" арнасының жаңалықтарына сілтеме жасап хабарлайды.  

Қайғылы оқиға түскі бірлер шамасында болған. Куәгерлер кішкентай қыздың жол ортасында жан жағына жалтақтап тұрғанын көрген. Ал әкесінің айтуынша, оның қызын автобус қаққан күйі он метрдей сүйреп кеткен. Көлік жүргізушісі халық шулап, айқайлаған соң ғана тоқтаған.

Оқиға куәгерлерінің бірі "ол рөлде құлағында наушникпен отырды" десе, енді бірі оның тамақ жеп келе жатқанын көрдік дейді.

Тағы бір куәгерлер бүлдіршіннің жалғыз болғанын, дүкенге кіріп сағыз алған ол базар жаққа қарай бет алғанын айтады. Ал әкесі кенже қызым базарға менің жұмысыма келе жатты-ау деп топшылайды.

"Молдағұлова көшесінде кішкентай қызды қағып кетті дегенді естіп жүгіріп келсем өз қызым. Автобус баллоны езіп жіберіпті. Мен келер алдын тірі болған екен. Жүргізуші қайда қарады", – дейді марқұмның әкесі Мургумшах Нәбиев.

№147 бағыттағы автобус "T-Bus" компаниясына тиесілі. Алайда бағытқа жауаптылардан қандай да бір жауап алу мүмкін болмаған. Ал жолаушылар тасымалына жауапты басқарма өкілдері автобустың жылдамдығы сағатына 40 шақырымнан аспағанын алға тартты.

"Егер жүргізушінің кінәсі анықталып жатса, келісімшартты бұзу мәселесі қаралады. Ол тергеу нәтижесіне байланысты. Бұл туралы барлық көлік компаниялырына ескерту жасалды", – дейді қалалық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Наурыз Сүгірәлиев.

Қазіргі кезде аталған оқиғаның тергеп, тексерумен полиция айналысып жатыр. Ал 1979 жылы туған автобус жүргізушісі қамауда отыр. Егер оның кінәсі дәлелденсе, бес жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.