"Бұл – катастрофа. Димаштың өнерін қайталау мүмкін емес"

Танымал ресейлік тележүргізуші Максим Галкин Димаштың өнерін қайталау мүмкін емес екенін атап өтті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Халқымыздың атын әлемге әйгілі еткен Димаш Құдайбергеновтің өнері көпке танымал. Өнері ғана емес, жеке өмірі, отбасы жұртшылық назарында. Димаштың атағы тек елімізде емес, шетелде көрініс тауып жатыр. Әсіресе, Ресей әншілерінің Димашқа деген ықыласы бөлек.

Оған дәлел – жақында ғана «Точь в точь» бағдарламасында Валерия Ланскаяның орындаған нөмірі. Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Любовь уставших лебедей» әнін өз мәнерінде алып шыққан әншінің қойылымы Максим Галкинге жақпай қалған сыңайлы. Әншінің өнерін «катастрофа» деп бағалаған өнер иесі алғашқы минуттардан-ақ өз өкінішін білдіргендей еді. «Димаш Құдайберген –  қайталанбас әнші, мен ешкімге бұл образды алуға кеңес бермес едім», – деді М.Галкин.

Қазылар алқасының құрамындағы Леонид Ярмольник, Максим Аверин, Николай Фоменко тарапынан Валерия Ланская жоғары ұпай алғанымен, Максим Галкин үш балдық жүйемен бағалады. Димаштың жоғары ноталарды еркін алатынын мысалға келтіріп, бұл образды бұзбауға шақырды. Бейне астындағы пікірлер де Галкиннің сыны орынды екеніне тұздық болмақ. Оқырмандар «Галкин, жарайсың! Димашты қайталайтын әнші әлі туылмады!», «Шынайы пікір үшін Максимге рақмет» сынды жазбалар қалдырған.

"Заяц над бездной", "Глупая звезда", "Тариф "Новогодний", "Рябиновый вальс", "Осенний лист", "Снайперы: Любовь под прицелом" фильмдерімен танымал Валерия Ланская Димаштың өнерін құрметтейтінін және Максимнің пікіріне еш реніш білдірмейтінін инстаграм желісінде бөлісіп, жазба қалдырды.

Димаш Құдайбергеннің өнері – әлем назарын өзіне аударған ерекше құбылыс. Ресейлік танымал бағдарламада орын алған жағдай халықтың Димаш өнеріне бей-жай қарамайтынын айқындағандай.

Еске сала кететін жайт, наурыз айының ортасында Димаш сұранысқа ие әншілердің көшін бастады. Across Endless Dimensions әніне түсірілген клип көрерменнің жоғары талғамын иеленді. Димаштың шығармашылығына табыс тілейміз!