Bugin

"Бұндай ауыр сөздерді жазудың өзі – ұят"

Спикерлердің айтуынша, режиссер Ермек Тұрсыновтың президентке жолдаған хаты негізсіз жазылған. «Хатқа қол қойды» деген танымал адамдардың хат мазмұнын білмейтінін де атап өтті.
 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгін 13.04 күні Алматы қаласында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында баспасөз конференциясы өтті. Бас тақырып – режиссер Ермек Тұрсыновтың Тоқаевқа жазған хаты.

Баспасөз конференциясына Абай атындағы ҰОБТ көркемдік жетекшісі – Шаһмардан Әбілов, ҚР композиторлар одағының төрағасы – Артық Тоқсанбаев, публицист, журналист – Марат Тоқашбаев пен театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешова қатысты.

Біраз уақыт бұрын режиссер Ермек Тұрсынов президентке хат жолдап, Ақтоты Райымқұлованы орнынан босатуын сұрап еді. Осыған қатысты зиялы қауым бүгін өз ойын білдірді.

Спикерлердің айтуынша, режиссер Ермек Тұрсыновтың президентке жолдаған хаты негізсіз жазылған. «Хатқа қол қойды» деген танымал адамдардың хат мазмұнын білмейтінін де атап өтті.

Баспасөз конференциясын Шаһмардан Әбілов бастады. «Ондай мазмұндағы хатқа аты аталған жандар қол қоймас еді. Мынаны естіген басқа ел сыртымыздан күлетін болды. Жаза білемін, сөйлей білемін деп не болса соны жаза беруге болмайды ғой», - деді ол.

Ал ҚР композиторлар одағының төрағасы Артық Тоқсанбаев:

– Ермек Тұрсыновтың артында бұрынғы министр тұр. Сөзінің жартысы – жалған, өтірік. Бұл – төленген акция , – деп мәлімдеді.

Театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешова да өз пікірін білдірді. «Бұл нәрсеге жан-жақты қарау керек. Бұндай ауыр сөздерді жазудың өзі – ұят» , – деді актриса.

Біз хатқа қатысты Ермек Тұрсыновтың да пікірін тыңдамақ болдық. Алайда, режиссер өз сөзінен таймайтынын айтып, пікір білдіруден бас тартты.

Айта кетейік, бұған дейін КСРО әртісі Бибігүл Төлегенова сұқбат берген еді. Сұқбатта ол режиссерге алданып қалғанын айтқан.