Bugin
Сәлем достым. Менің саған сұрағым бар. Аниме көргенді ұнатасың ба? Аниме деген жалпы не екенін түсінесің бе?
Менің ойымша, қазіргі кезде анимеге қызығатын адамдар саны күннен күнге артып жатыр. Әрине, адамдар бес саусақтай әртүрлі болғандықтан, әркімнің аниме жайлы ойы әртүрлі болуы мүмкін. Біреулер анимені ұнатпаса, ал кейбірі анимені шабыт беретін стимул немесе табыс көзіне айналдырған.
Жалпы, аниме – мәдениет түрі. Анимелердің түрлі жанры болғандықтан, әркім өзіне қолайлысын таңдап алу мүмкіндігіне ие. Сонымен бүгін біз романтикалық драма әрі шытырман оқиғалар мен мистикалық тақырыптар қозғалатын, көптің көңілінен шығып, махаббатына ие болған «Сенің есімің» атты аниме жайлы сөз қозғамақпыз. Ендеше кеттік!
"Сенің есімің" – толықметражды, Америка-Жапония бірлестігімен, Макото Синкайдың авторлығымен ұсынылған аниме-фильм. Тұсаукесері алғаш 2016 жылдың 3 шілдесінде Англияда кесілсе, одан соң осы жылдың 26 тамызында Жапонияда кесілген. Бұл аниме 2016 жылдың ең үздік фильмдер тізімінен орын алған. Шыққанына 5 жылдан астам уақыт өткенімен, қазіргі кезде де топ анимелердің тізімінен түсер емес.
Сюжетіне зер салатын болсақ, басты идея – екі жас адамның бір бірімен байланысы. Екі жақта өмір сүріп, бір-бірінің есімін білмесе де екеуін байланыстыратын бір зат барын сезеді. Олар күнде кезекпен бір-бірінің орнында болып ауысып отырады. Ұлдың жаны бір күні өзінікі болса, бір күні қызға тиесілі. Олар бұны уақыт өте келе сезіп қояды. Содан олардың басынан өткен оқиғалар мен сезген сезімдері баяндалады. Аяғында ауысулардың барлығы тоқтаған кезде, олар бір адамды іздеп табу керегін түсініп, бірін бірі іздестіре бастайды. Осылай олардың іздестіру оқиғасы басталады. Бір бірін тапқанын не таппағанын осы анимені тамашалай отырып біле аласыз. Сізді қызықтырды деген үміттемін.
Қорытындыласам, анименің басты тақырыбы – екі жанның өзіне жетіспеген бөлшегін іздеуі. Бұл іздеу процесі, олардың сезген сезімдері, оңай берілмеген тағдыр жайлы баяндалған аниме сіздің де көңіліңізден шығады деген ойдамын. Тамашалап көрсеңіз, еш өкінбейсіз.