Bugin

Пайдасы жеке, пәлесі ортақ: ЕАЭО Қазақстанға қалай әсер етеді?

Ресей АҚШ-тың ауыр санкциясының төпесінің астында қалды. Байден Ресейдің тыңшы дипломаттарын елден қуып қана жатқан жоқ. Ондаған компаниясына, сыртқы қарызына да санкция салды. Оның әсері әлден рубльге әсер етіп, орыс ақшасы құнсыздана бастады.

 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мойындау керекпіз, саясатымыз ғана емес, теңгеміз де Ресейге байлаулы елміз. Өкініштісі  орыспен ортағымыз көп. Соның ішіндегі ең қауіптісі, ең кесірі көп тиетіні, ең пайдасызы ЕАЭО! Бір мүддеге (монополияға) ғана жұмыс жасайтын бұл экономикалық одақсымақтың - Путиннің КСРО-ны қайта құру идеясының алғышарты екенін есі дұрыс адам екібастан біліп отыр.

Байден әкімшілігінің бұл санкциялары бұрынғыдан қатаң! Оны Путин билігі жақсы түсінеді. Сол үшін де жауабымызды жақсылап береміз деп бұлқан-талқан болып жатыр.

Ал мұның Қазақстанға қандай кесірі тиюі мүмкін? Тиеді! Бір мысал. Өткенде ғана экономист Мақсат Халық ағамен осы жайында егжей-тегжейлі сұхбат құрып ек. Сонда айтылған нақты деректерді бүгін қайталай айтайын...

Қазақстан енді Ресейге донор бола алмайды!

2014-2015 жылдары, Ресейге алғашқы санкциялар салынған жылдары Қазақстан Ресейді санкция қысымынан құтқарып қалған мемлекет. Неге? Өйткені, сол жылдарға Қазақстан теңгені күшпен ұстап тұрды. 1 жыл 8 ай бойы біз интервенцияға 28 млрд доллар ақша жұмсағанбыз. «2014 жылы Қазақстан интервенцияға 17 млрд доллар жұмсады» деген ақпарат 2015 жылдың басында Дүниежүзілік банк есептерінде шықты. Біреулер сенбеді, біреулері сенді.

Бұл ақша не үшін жұмсалды? Теңгені 190 қылып ұстап тұру үшін. Сол кезде біздің теңгеміз құнды болып, Ресей рублі құлап жатты. 2,5 теңгеге дейін құлады. Сол жылдары біздің халық Ресейден барып көлік тасыды, заңды-заңсыз жолмен де тасыды. Ресей тауарлары нарыққа басып кірді. Қазақстандықтар Ресейдің ірі қалаларынан жылжымайтын мүліктер ала бастады. Бәрі арзан болып кетті. Сөйтіп, бізден Ресейге капитал ағылды. Ресей санкция төпесінде жатқан кезде бізден капитал барып, үлкен қолдау болды. Кейін біз теңгені еркін айналымға жібердік. Президент: «28 млрд доллар жұмсадық, әрі қарай ұстап тұру мүмкін емес» деді.

Біз неге осы процесті 2 жыл бойы күттік? Өйткені, сол кездегі осынша қаржыны жұмсаудағы үлкен бір саясат – Ресей экономикасына қуат беру болды.

Ресей экономикасын құтқару үшін 35 млрд доллар шығындадық. 2 жыл бойы интервенция жасаудың жалпы құны - 35 млрд доллар болған. Бұл үлкен қаражат. Мысалы, біз ЭКСПО өткізу үшін 3 млрд жұмсадық. Соның өзінде ЭКСПО өткіземіз деп, көптеген шығынды қысқарттық. Қаржыландыру процестерін тоқтаттық. Мектеп мұғалімдерінің айлықтары мен мектептегі балалардың бір уақыт берілетін ыстық тамағына дейін қысқарттық. Сонда бар-жоғы 3 млрд доллар кетті. Ал енді 35 млрд долларды біз не үшін жұмсадық?

Тағы бір мысал: Еркін айналымға Ресей бірінші өтті. Біз қазірге дейін Ресей рубліне қарап, өзіміздің валюталық саясатты жүргізіп отырмыз. 2015 жылдан бері біз одақтамыз. Осы уақыт ішінде Ресей неге өзінің валютасын құнсыздандыруды келісіп жасамайды? Олар өздеріне керек кезде валюталарын құнсыздандыра салады. Одан біздің экономикаға үлкен соққы тиеді. Сондықтан, тарихи һәм геосаяси факторларды ескеру керек дегеннің өзінде, Ресеймен одақтасуда Ресейге сенуге болмайды!

ЕАЭО тауар айналымы жағынан қарасаңыз, 92 пайыз Ресейге тиесілі екен. Қалған аз ғана пайызды қалған төрт мемлекет бөліседі. Қазақстан тек ұтылып келе жатыр.

Мәкеңнің айтқан дерегінше, біздің ЕАЭО мемлекетеріне шығарған өніміміздің көлемі 31,7 млрд доллар екен. Ал енді керісінше импорттап кіргізген тауарлар құны – 75,7 млрд доллар. Тауардың төлем бағасы деген ұғым бар екен. Импорт пен экспорттың айырмасын шығарасақ, теріс сальдо – 44 млрд доллар. Яғни, біз 5 жылда 44 млрд доллар ұтылдық.

Енді міне, Ресей тағы да ауыр санкцияның астында қалып отыр. Рубль әлден құнсыздана бастады. Демек, ертең теңге де тәлтіректеп барып тізерлейді. Өйткені, 2014-тегідей емес, Ұлттық қор ортайған...

Қысқасы ЕАЭО бізге сор болып тұр! Ал біздің биліктегі шен ұстағандар пайдасы жеке, пәлесі ортақ бұл одақтан шығуға әрекет етпек түгілі, серіктес іздеп алдына келген министрге ел территориясына көз алартқан орыс депутаттары үшін сұрау салуға да (дипломатия тілімен) жарамады. Есесіне Мединскийдің мәңкілінен кейін он күн өтпей жатып, сол Мединскиймен бірге зымыран ұшырып, мәз жүр, Мәмин... Енді не деуге болады?

Айтпағым біреу: ЕАЭО – шығынды одақ. Оны әлгінде министр Бақыт Сұлтанов та мойындағандай болды. Одақта теңдік жоқ! Ендеше, одақтан неғұрлым ертерек шығу керек. Әйтпесе, ертең құрбандығымыз да соғұрлым үлкен болуы мүмкін. Қауіп еткеннен айтамын...

Ка Мырза