Bugin

Мамай мен Байбек соттасса, кім жеңеді?

Байбектің жұбайы 2018 жылдан бері Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы болып жұмыс істейді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жуырда ресми тіркелмеген Демократиялық партия жетекшісі Жанболат Мамай «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Алматы қаласының экс-әкімі Бауыржан Қадырғалиұлы Байбек туралы зерттеу жариялап, оның өзіне және отбасына тиесілі деген 100-ге тарта компания бар екенін айтқан.

Атап айтқанда, 2015-2019 жылдары, Бауыржан Байбек Алматы қаласының әкімі болып тұрған тұста «Қазақфильм» киностудиясы, «Атакент», «Көкжайлау» жерлері мен «Esentai city» тұрғын үй кешені орналасқан аумақты иемденгені туралы айтылған. Сондай-ақ, Бауыржан Байбектің жеке дәулеті 1 млн долллардан асқанын, ол бұл қаражатты Алматы әкімі болып тұрған уақта тапқанын жазған.

Бұл материалға қатысты Бауыржан Байбек блогер Тәңірберген Бердоңғаровтың «Youtube» каналы арқылы жауап беріпті. Байбектің айтуынша, Жанболат Мамай келтірген деректердің ешбірі шындыққа сәйкес келмейді. Себебі, ол «Uzun Qulaq» деген «фейк телеграм-каналдың» деректерін келтірен. Сондықтан да өзінің ар-намысына тигені үшін алдағы уақытта Жанболат Мамайды сотқа беретінін айтыпты.

«Елбасы үнемі айтатын: Егер сенің арың таза болса, жала жапқандарды сотқа бер деп. Біз демократиялық мемлекет құрып келеміз. Әрбір адам өз құқығы, абыройы үшін күресуі тиіс. Мен де осы елдің азаматымын, Бауыржан Байбек деген есімімнің былғанғаны маған ұнамайды. Әлгі видеоны менің анам да көреді, мысалы. Мамай сияқты басқа да өтірікшілер мен жала жапқыштарға сабақ болсын – мен Мамайды сотқа беремін! Менің жасыратын түгім жоқ, адал, таза адаммын»,- депті Байбек мырза.

Айтпақшы, Бауыржан Қадырғалиұлы Байбектің жұбайы 2018 жылдан бері Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы болып жұмыс істейді.