Bugin
Қызылордада "500 000 теңге таратылып жатыр" дегенді естіген жұрт жұмыспен қамту орталығына ағылды. Бизнес бастағысы келетіндерге берілетін қайтарымсыз грантты алғысы келгендер көп болып шықты. Әңгіме "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының "Бизнес бастау" жобасы жайлы.
Бұл жоба республикалық деңгейде 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Оған әр азамат қатыса отырып кәсіпкерлік білім алады. Соңында идеясына бизнес жоспар ойластырып, оны комиссия алдында қорғайды. Өз кәсібінің табысқа шыға алатынын дәлелдеген қатысушы мемлекеттен қайтарымсыз грант алады. Бірнеше айдың ішінде жоба түлегі бизнесін бастап, жұмысының нәтижесін көрсетуі шарт. Грант сомасына алған техникасын пайдаланып жатқанын да дәлелдеуі міндеттелген.
2020 жылғы "Бизнес бастау", "Жас кәсіпкер" жобаларының жеңімпаздары грантты алғанымен ұйымдастырушылар тарапынан қараусыз қалды. Олар ақшаны қай мақсатта жұмсағандарын дәлелдемеді. Бұл – нақты Алматыдағы жоба қатысушыларының бастан өткендері. Соның нәтижесінде мемлекеттен бизнес бастауға деп 500 000 теңге алып аламын дегендер бар. Қызылордалықтар "жұмыссызбын" деген анықтаманы алып жобаға қатысуға ниетті. Алайда жобаға қатысуға мүмкіндік беретін жолдама саны шектеулі болып шықты. Анықтама онлайн берілмейді. Салдарынан коронавирус қозған шақта қызылордалықтар бір-біріне сүйкеніп, итерісіп тұруға мәжбүр.
Осы оқиғадан не түсінуге болады? Жобалар мен гранттар жайлы ақпарат халыққа қарапайым тілде түсіндірілмейді. Екіншіден, мемлекеттік грант алдындағы жауапкершілікті сезбейді.