МӘДЕНИЕТ

Прокатқа 22 сәуірде шығатын фильмдер

Коронавирустың өршуіне байланысты кинотеатрлар наурызда қайтадан жабылғаны белгілі. Қазір өзге қоғамдық нысандармен қатар кинотеатрлардың жұмысына рұқсат етіліп, біртіндеп ашыла бастады. Ал біз жаңа киноуикендте қандай премьералар болатынын айтып береміз.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ешкім / Никто / Nobody [18+]: 2016 жылы «Хардкор» POV-боевигімен танылған ресейлік режиссер Илья Найшуллер Голливудта түсірген алғашқы жұмысын ұсынады. Белгілі актер Боб Оденкёрк ойнаған экшн-триллер қақ-соқпен ісі жоқ қарапайым азамат туралы. Ол бір күні қылмыскерлердің қолынан бір әйелді құтқарамын деп ықпалды гангстердің ашуына тиеді. Осыдан бастап басты кейіпкердің байсалды өмірінен күй кетеді. «Джон Уик» секілді жалғыз қаһарман туралы экшндардың фанатына жағатын картина.

Құлдырау жолы / Гениальное ограбление / Way Down [16+]: Испанияда түсірілген боевик ерекше қорғалған Мадрид банкін тонамақ болған екі кейіпкер туралы. Том деген жас данышпен мен өнер туындыларын сататын Уолтер футболдан әлем чемпионатының аясында өтіп жатқан матчты пайдаланып, 90 минут ішінде жоспарын іске асырмақ. Олардың басты қаруы – ми.

Вояджерлер / Поколение Вояджер / Voyagers [16+]: «Иллюзионист», «Области тьмы» режиссері Нил Бёргердің жаңа фантастикалық картинасы. Фильмде алыс ғарышқа аттанған 30 үздік жас ұл-қыз туралы айтылады. Бірнеше ұрпаққа жалғасуы тиіс сапардың мақсаты – жаңа үй табу. Басты рөлдерде Колин Фаррелл, Тай Шеридан, Лили-Роуз Депп, Финн Уайтхед ойнайды.

Чернобыль [12+]: Чернобыль АЭС-де болған 1986 жылғы апатты суреттейтін тағы бір жоба. Ресей актері Данила Козловский түсірген драма Припять қаласының өрт сөндірушісі Алексей Карпушиннің төңірегінде өрбиді. Сүйгені Оляға сезімін білдіріп, екеуі теңіз жағасына қоныс аударуды армандап жүрген кез еді. Чернобыль апаты Алексейдің арманына қауіп төндіреді, мыңдаған адамның өмірі өрт сөндірушілердің жұмысына тәуелді болады.

Руфустың басынан кешкендері: Фантастикалық жануарлар / Руфус: Хроники волшебной страны / Adventures of Rufus: The Fantastic Pet [6+]: Отбасылық фэнтезиде Скотт деген жасөспірім мен құрбысы Эмили әжесінің үйіне келгенде Руфус деген тіршілік иесімен танысады. Ол бұл екеуден көмек сұрайды. Руфустың патшалығы құрып кеткен, енді сиқырлы кітап арқылы бәрін қалпына келтірмек. Кейіпкерлер сол кітапты табу үшін сиқырға толы әлемге аттанады.

Сонымен қатар «Тьма: Монстры за поворотом» / «Shortcut» хорроры мен «Любовь и монстры» ресейлік комедиясы прокатқа шықты.