Саясат
Жанболат Мамай Нұр-Отан партиясының төрағасының орынбасары Бауыржан Байбекті дебатқа шақырды.
Нұр-Отан партиясының Назарбаевтан кейінгі лидері Бауыржан Байбек пен саяси оппозициялық белсенді Жанболат Мамайдың арасындағы кикілжің енді дебат арқылы шешілмекші. Бұл туралы azattyq.org радиосы репортажында айтылады.
Байбек пен Мамай арасындағы қақтығыс саяси белсенді бастаған топтың Бауыржан Байбектің Алматы әкімі болған кездегі істері мен отбасы мүшелерінің жеке мүліктері жайлы түсірілген фильмнен басталды. «Жанболат Мамай жалған партияны басқаратын жалған лидер. Фильмдегі деректерде дәлел жоқ. Ол өзінің саяси карьерасын құртты. Оны саяси өлік десе де болады. Партияның кодексі бойынша оны сотқа беремін»,- деді Нұр-Отан партиясы төрағасының орынбасары.
Саяси белсенді Жанболат Мамай: «Егер осы Нұр-Отан партиясының жасап жатқан істерінің барлығы дұрыс болса, жасыратын ешнәрсе болмаса, соттасуға дайынмын. Бірақ қандай шешім шығатыны белгілі. Сондықтан Байбекті тікелей эфирде саяси дебатқа шақырамын. Егер дайын болса, кез келген уақытта мен де дайынмын. Ұзынқұлаққа сілтеме жасадық, басқа да ақпарат құралдарына сілтеме жасаймыз. Ол ашық ақпарат құралдары. Онда олардың барлығын сотқа беру керек. Олардың артында кім тұрғанын өздері анықтасын», - деді.
Бауыржан Байбек болса кезекті сұхбатында Алматы әкімі болған уақыттағы істеріне жауап берген. Отбасының заңды кәсіппен айналысатынын айтты. Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтың сөзінше, Байбектің бұл қылығы саяси амбициясының жоғары екенін көрсетеді. «Елбасының қолдауымен саясатта ұзақ жүргім келеді және оны жасырмаймын деген секілді сөзді айтқысы келеді»,- дейді Шалқар Нұрсейітов.
Осы уақытқа дейін Байбектің Алматы әкімі болғанда Қазақ Ұлттық Университетінің біраз аумағын, Рахат базарының жерін беру туралы бұйрыққа қол қойғаны белгілі болған. Айта кетерлік жайт, Бауыржан Байбек сұхбатты тәуелсіз журналистке емес, бұрын Нұр-Отан партиясының депутаты болған блогерге берді.