Bugin
Италиялық сәулетші Роберто Росси Римини қаласының маңында ерекше жобаны аяқтады. Ол өз осінде 360 градусқа айналатын ағаш үй тұрғызды. Бағанға орнатылған сегіз қырлы ғимарат жерден жоғары құрылғанымен қоса, екі бағытта да еркін айналады.
Сәулетші Роберто Росси мен ProTek мердігері айналмалы үй салуға бірікті. Ағаш панельдерден жасалған бұл ерекше үй Rotating House деп аталады. Ол Италияның Римини қаласының маңында пайда болды. Ғимараттың тұрғын ауданы 110 шаршы метрді құрайды. Ал террасамен қосқандағы көлемі – 132 шаршы метр.
Болат қаңқалы сегіз қыры бар ғимарат диаметрі 1 метр болатын орталық бағанға негізделіп, жерден 4 метр биіктікке көтеріліп жасалған. Соның арқасында айналу процесі жүзеге асады. Ғимарат екі бағытта да 360 градусқа айналу мүмкіндігіне ие. Бұндай құрылыс жүйесі терезеден әсем көріністі бақылау үшін ғана емес, сонымен қатар, үйге орнатылған күн батареяларын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Күн батареяларынан басқа, үйге жылыту мен салқындатуға арналған геотермиялық жылу көздері орнатылған. Соның арқасында үй ішінде әрдайым қолайлы температура сақталып тұрады. Әлгінде, бұл қоршаған ортаға зиянын тигізбей отырып тегін жылу алуға көмектеседі.
Ал, лас суды ағызып, тағамдық емес қалдықтарды сақтау үшін арнайы бак қолданылады. Ол, өз кезегінде, экологияға кері әсерін тигізбеуге көмектеседі. Сәулетшінің айтуынша, ғимараттың өзі де оңай бөлшектеліп, қажет болған барлық материалдарды қайта пайдалануға болатындай етіп жасалған.