Bugin
Бұл кітапта танымал вайнер,жас журналист Жансерік Қадырбаев өз өмірінің әр кезеңіндегі басынан өткен оқиғалары мен достарының өміріндегі қызықты сәттерінен түйген ойларын топтастырған.
Кітап 3 тарау, 99 бөлімнен тұрады.
Бірінші тарау "Менің ойларым" деген атау алған. Тарау кітап жазудағы күмәнді жеңген белгілерді айтумен басталады. Бір күні кітаптың редакторы Ұлан Айхожаев оған «Алла» деген жазуы бар тас тауып алғанын айтып, суретін жібереді. Тастың Жуалы ауылынан табылуы және дәл сол ауылдағы мешітттің жөндеу жұмысына қаражат керек болуы Алладан келген белгі деп біледі. Сатылымнан түскен ақшаның жартысын сол мешіттің қайта жөндеу жұмысына жаратып жатыр. Сонымен қатар ата-анасының өзіне салған үлкен инвестициясы жөнінде айтады.
«Шын жүрекпен тілесең, арманымның артынан соңына дейін барамын деп мақсат қойсаң, онда бұл әлемде шектеу жоқ! Шектеу ол тек біздің миымызда...Кедергі болып тұрған шектеуді алып таста да, әлемнің кез келген бұрышындағы «Ойбай, болмайды-ау» деген затқа қол жеткіз!», – деп түйіндейді ол сөзін.
Өміріңе қажет 5 кеңес:
*Арманда!
*Арманыңнан бас тартпа!
*Кең болсаң, кем болмайсың!
*Өзіңді өзгемен емес, өзіңмен салыстыр!
*Байлықты жүрекке жақындатпа!
Бұдан басқа тарауда «Тәуекел ету мен қанағат ету», «Мен өзімді «біртүрлі адаммын» деп жүрсем», «Ақымақ болып көрінуден қорықпа», «Кейде есекке ұқсасаң ұтасың», «Іntellect vs heart», «Бидай бәрібір сарғаяды», «Өзіңді таны» және т.б. бөлімдер бар.
Екінші тарау «Менің «роднойларым» деп аталады. Бұл тарау күнделік форматында жазылған. Өміріндегі 33 күннің жазбасымен бөліскен.
Соның ішінде «Алғашқы сапар – Малайзия». 10 шілде 2016 жыл. «Алғашқы бартермен алғашқы сапар. Сезім басқаша енді... Елден 5000 км алыстап кеттім. Бұлай алысқа бірінші рет шығуым».
Тарау бөлімдері «Ең үздік ер адам», «Мешітке алғаш кіруім», «5 миллион немесе дәріге жетпей қалған 10 мың теңге», «Фотограф – құдай!», «Мама я в Дубае», «Роднойлардан Мансұрға: 4 сағатта 1 380 000 теңге», «Тұяқ апа: Жүрегі нәзік батыр ана» т.б.
Үшінші тарау «Өзіммен сұхбат» деп аталады.
– Ең басты артықшылығыңыз қандай?
– Негізі артықшылығым көп қой деп ойлаймын... Өзім жайлы өзім емес, басқалар айтқаны жақсы шығар.
– Достарыңның қай қасиетін кешірмейтін едің?
-– Кешірмейтіндей біз кімбіз? Былай қарап тұрсаң, ешкім емеспіз ғой, бірақ көңілге тиіп кететін жағымсыз қасиет – шындықты айтпау.
-– 22 жасар Жансерік 18 жастағы Жансерікке қандай ақыл айтар еді?
-– 18 жастағы өзіме айтарым: тәжірибені тегін болса да жина!
– Ең әдемі сөз?
– Әжеңнің «АЙНАЛАЙЫН» деген сөзі. Оның үстіне, басқа ешқандай тілге аударылмайтын сөз ғой...
– Бақыт туралы ойың қандай?
– Бақыт – ол менің анам! Анамның аты – Бақыт.
– Бақытсыздық туралы ойың ше?
– Өз-өзіңді таппау шығар. Бұл өмірге не үшін келгеніңді білмей кету – меніңше, ең үлкен бақытсыздық!
– Шынайы өміріміздің батыры кім?
– Тұяқ апа! Сол кісі деп ойлаймын. 1 баланы баға алмай, далаға тастап кеткен талай оқиға болды ғой. Ал ол кісі 1500 баланы асырап, бағып, ел қатарына қосу деген ұлы міндетті көретіп жүр, оңай шаруа емес. Алла сақтасын, егер балаң болмаса, басқа біреудің баласын бауырыңа баса аласың ба? Білмейсің ғой... Оңай сынақ емес!
– Ең керекті іс не?
– Өзіңнің сүйген ісің.
Одан өзге де көптеген өзінің көкейіндегі сұраққа жауап берген. Жас та болса өзінің өмірде түйген ойларын өзгелерге үлгі етіп бөлісіп отыр.