Bugin

«Жұлдыз» журналының бірнеше санына шолу

Бір ғасырға жуық уақытта қазақ баспасөзінің тарихында әдебиет жаршысына айналған "Жұлдыз" журналының мақалаларына шолу жасайық!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

         Тамыры тоқсан жылдық тарихтан нәр алған "Жұлдыз" журналы әуелде "Жаңа әдебиет"  деген атпен белгілі еді. Енді дүние есігін ашқан нәрестедей жарығымен қоса жаңа леп, жаңа бағытын ала келді. Әдебиет әлемімен сусындай алмай, қараңғылық құрсауына мойынсұна бастаған қара халықтың бір сәт қақ төбесінде темірқазықтай нұрын шашып «Жұлдыз» жарқырай кетті...

     «Жаңа әдебиет» есімімен бастау алған журналдың қазіргі таңда жазар бағыты, айдарлары белгілі десек болады. Басылым сайтына шыққан мақалаларын талдау мақсатында ең бірінші көзіме оттай басылғаны «Абай-175» айдарымен  А. Құнанбайұлының «Ғақлия- бірінші сөзі» (06.02.2020) болды. Әрине, журнал беті әдеби көркем шығармаларға лық толы. Алайда, журналдың басқа беттерінің шымылдығын ашқан Абай ғақлиясын берудегі мақсат «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» деп бата алған іспеттес еді. Әуелі істің басын Абайдан бастауын мен-дағы құптаймын!  

Келесі бет бұрған туынды сәуірдің он сегізінде сайт бетінде жарияланған «Жас толқын» айдарындағы Тұрсынхан Зәкеннің «Ел қағаны» (18,04,2021) атты аңыз оқиғаның өлеңдете жырлануы. «Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына арнаймын!» деп сөз бастаған ақын ел қағаны
Күлтегіннің  ерлігін дәріптейді. Табғаш қағанның нөкерлерін азғантай қолмен жайратып салған ел қағаны шынымен-ақ бөрі еді. Өлеңде сатқындық пен адалдық сипат алады. «Жауды жақыннан ізде»  дегендей қағанды бас бұйрығы Сымақ Табғаш ханға ұстап берсе, атқосшысы ел қағаны өмірден өткен кезінде өзін де қағанмен бірге көмуді, қаған жоқ жерде ендігі өмірдің бос екенін жеткізіп бақилық болады. «Құс жаңылып торға түсер, ер жаңылып қолға түсердің» кебін киген ел қағаны зынданға жөнелтіліп, ойын халқының еркіндігіне құрық түскені шырмап алған еді. Жау ханын таңқалдырғаны зындандағы қаған мен отбасына бір кесек ет бергенде перзенттік адал ниетпен қаған анасына ұсынады. Табғаш хан бас ұрып, ел қағанын босатып, құрметпен еліне қайтарады. Түбі аналық абырой жеңіске жетеді. Оқырманға берер тәрбиесі мол туынды.

     Ендігі кезек  «Білім» айдарымен оқырман назарына ұсынылған Анар Салқынбайдың «Қазақ тіл білімі ғылымының қалыптасуы мен дамуы» (23.06.2020) атты ғылыми мақаласында. Бұл еңбек қазақ тілінің байырғы тарихын паш етеді. Сөзіне сенсек, түркі  тайпаларының тілі мен диалектілерінің салыстырмалы-тарихи деректері талданатын XI ғ. жазылған М. Қашқаридың «Диуани лұғат-аттүрік еңбегінен қазақ тілі  тарихы бастау алады екен.  Мақалада қазақ тілін зерттеуге бас қойған зерттеушілер де сөз етіледі.  Осы зерттеушілердің еңбектерін зерттей келе, қазақ тіл білімінің көшбасшысы А. Байтұрсынұлының жазып қалдырған ұшан-теңіз мәні мен мазмұны бар ғылыми мұраларын тереңдей талдап, мысал келтіре сөзін қорытындылайды. Мақаладан алған тағылым, тіліміздің санмыңжылдық тарихын біле жүріп, қастерлеуіміз керек.

     «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы бола алмайды» деген Ғ. Мүсіреповтың қанатты сөзі тегін емес шығар, сірә! «Проза» айдарымен журнал әдебиет әлеміне саяхат жасайды. Бұл бетте Ш. Бейсенованың «Қызай анасын», Ұ. Доспанбетовтың «Қанды жол» романын, К. Адырбекұлының «Кебенек киген келеді» туындысын, Г. Нарытбектің «Сая» әңгімесін, «Жиырма бірінші ғасыр» атты  С. Досановтың роман-эпопеясын кезіктіріп үлгердім. Журналдан М.Мағауиннің  «Балақан. Ғұмыр бастау шежіресін»(05.04.2021) шолып өткен едім. Байқауымша, жазушы бейдауа дерттен мезгілсіз өткен немересі Кәмиланың мәңгілік рухына арнаған екен. Мемуарлық хамса «Мен» дилогиясына жалғас ретінде, балалық шақтың естелігі болсын деген ниетпен, немересінің атынан тамырдай таралар әулет шежіресінен сыр шерткізіп, оқиға өрбітеді.

     Міне, «Жұлдыз» журналының бірнеше санының өзінде нағыз қайнар бұлақ бастауы сарқырап жатыр. Абайша айтсақ, оқыған керегін алар, оқымаса өз сөзім өзімдікі… Асыл-жақұттарды оқырман назарына ұсынуға асығып, тынбай еңбек етіп жүрген редакция алқасына сәттілік серік болғай!

«Жұлдызымыз»  қазақ көгінде жарқырай берсін!