Bugin
Қыздарға арналған психологиялық тест
Көктемнің керемет шағы келіп жетті. Бұл – қыз-келіншектердің құлпырып шыға келетін уақыты. Тап осы уақытта олардың киім киісі, тағынған алқасы, ұстаған сөмкесі мен аяқ киіміне дейін мінез-құлық, әйелдік құпиядан сыр шашатын көрінеді. Өйткені адам ағзасына ерекше әсер ететін бұл мезгіл сезімтал қыз-келіншектерге көбірек әсер етеді екен. Мұны британдық әйгілі сән үйінің жетекшілері мен психологтар анықтаған. Олардың зерттеулері ішінен біз қыз-келіншектердің аяқ киімі жөніндегі «құпияны» паш етпекпіз.
Өкшесі жіңішке, яғни біз өкше аяқ киімді өзіне сенімді, сыпайы әрі сақ әйелдер киеді екен. Олар өздерін сүйкімді санайды және содан ләззат алады. Мұндай қыз-келіншектер өзгелермен тез тіл табыса біледі. Кез келген «майданда» олардың басты құралы – әйелдік нәзіктік.
Биіктігі 7 сантиметрден асатын өкшелі аяқ киімді қалайтындар – еркіндікті ұнататын әйелдер. Олардың өмірге деген өзіндік, өзгелер толық ұғына бермейтін көзқарастары бар. Мұндай әйелдер айналасындағылардың назарын түгел өздеріне аударғанды ұнатады. Тым биік өкшелі аяқ киім таңдайтын қыздар сол арқылы айналасындағылардан биік көрінгісі де келеді екен.
Әйелдердің аяқ киіміне зер салған британдық зерттеушілер платформаны еркіндікті және дамуды көксейтін қыз-келіншектер киеді деп санайды. Олар кез келген мәселені тек өз қалауымен шешеді екен. Тіпті, қызметте де, отбасылық мәселелерде де барлық билікті өз қолына алып, өз тәртібін жүргізуді ұнататын көрінеді. Олардың өзіне деген сенімділік пен алған беттен қайтпайтын тік мінезі кейде сәтсіздікке жетелеуі де мүмкін. Бастапқыда салқынқанды, суық болып көрінгенмен, олардың да жүрек жылуы, өзіндік қылығы мен сезімталдығы бар.
Аласа, жалпақ өкше, ұлтан тігісі көрнекті өкшелі аяқ киімді таңдаушылар және көбіне еркектердің аяқ киіміне ұқсас туфли киетін әйелдер – өзіне сенімді, қалыптасқан заңмен өмір сүруді қалайтын жандар. Олар бос қиялдамайды, өмірден не күтетінін біледі. Сондай-ақ өздерін ерекше жақсы көреді. Алайда, мұндай әйелдер тірлікке епсіздеу, тез шаршап қалады немесе шаршаған кейіп таныту арқылы айналасындағылардың назарын өзіне аударғанды жақсы көреді. Тігісін жатқыза ептеп өсек айтқанға кетәрі емес.
Аласа өкшелі немесе сүйретпе аяқ киімді ұнататын әйелдер әр нәрсеге, атап айтқанда болмашы жылтыраққа да әуес келеді. Оларды бір көргенде қалыптасатын пікір көбінесе алдамшы болады. Себебі, сыртқа сыр шаша бермейтін оның жан дүниесінің құпиясын толық ұғыну қиын. Мұндай нәзік жандылар айналасындағы адамдарға өте тартымды.
Өкшесі биік «танкеткаларды» ұнататын қыз-келіншектер аса талғампаз келеді. Көбіне тұрақты ой мен көзқарасты бағалайтын олар кез келген жерде жайлылық пен жарасымды стильді қабыстыра біледі. Мұндай әйелдер жұмбақ келеді. Сондықтан олардан не күту керегін білмейсің.
Аласа, жұмсақ «танкетка» иелері жайлы, көнбіс мінезді әйелдер. Олар өз-өзіне сенімсіздеу келеді. Алайда адамдармен қарым-қатынаста ойнақы, сүйкімді болып кетеді. Ондай адамдар көбіне қиялшыл, өмірге философиялық тұрғыдан қарайды. Ымыраласудан да қашпайды. Әйткенмен, тез өкпелегіш.
Жүруге жайлы спорттық аяқ киімдерді ұнататын әйелдердің көпшілігі – бірбеткей, келісімге келгісі келмейтін жандар. Бірақ олар кез келген ортаға сіңіп кете алады. Өзгелермен тез тіл табысады. Дегенмен кертартпалық мінездерінің арқасында қалыпты нәрселерді өзгертуге келісім бере қоюы өте қиын.
Британ сән үйінің мамандары аяқ киім адамның мінез-құлқымен қоса оның әлеуметтік жағдайының да айқын айнасы деп санайды. Өйткені кез келген қарапайым киімді әдемі де сәнді әрі жарасымды аяқ киім керемет етіп көрсете алады. Ал аяқ киімнің мәні болмаса, қанша қымбат немесе ерекше киінсеңіз де әдемі көріне алмайсыз. Бұл – тиянақты зерттеуден өтіп, дәлелденген тұжырым. Сондықтан британдықтар адамның алдымен аяқ киіміне қарайды. Ал қазақта ол жайлы «Дос – басқа, дұшпан – аяққа қарайды» деп айтылған.
Дереккөз: "Ауырмаңыз" газеті