Bugin
Голливуд атақты британдық актриса, модель Одри Хепберн жайлы фильм түсірмек. Фильм жұмыстарымен итальяндық «Wildside» компаниясы айналыспақ. Идея авторы – Одри Хепберннің ұлы Лука Дотти. Фильм арқылы Хепберн көрермендерге тек кино жұлдызы ретінде ғана емес, сән әлемінде орны бар тұлға ретінде танылмақ. Айта кететін жайт, «Wildside» компаниясы бұған дейін «The young Pope», «My brilliand freand» фильмдерін жарыққа шығарып, танымалдылыққа ие болған еді. Ал Одри Хепберн жұртшылыққа «Breakfast at Tiffany's» туындысы арқылы белгілі бола бастаған.
Голливудтың өзі биографиялық фильмге арқау етіп отырған Одри Хепберн 1929 жылы Бельгияда дүниеге келген. Мелодрама, комедия, драма жанрында өнер көрсеткен актриса 116 фильмге түскен. 6 жасында ата-анасы ажырасып кеткен соң, Нидерландыда анасымен бірге тұрған. Соғыс жылдары анасымен бірге медбике қызметін атқарған. Жұмысымен бірге актриса Сони Гаскеллден балет бойынша сабақ алған. Дегенмен, оның қысқа бойы бұл салада кедергі келтірген.
Ал кино саласындағы алғашқы қадам «Голландский за семь уроков» фильмінен басталған. 1952 жылы актриса «Засекреченные люди» алғаш рет бірінші басты рөліне ие болған. Киноиндустрияда актрисаға үлкен жетістік әкелген «Римские каникулы» фильмі оған Оскар жүлдесін де табыс етті. Туындыда тақ мұрагері мен қарапайым журналист жігіт арасындағы махаббат көрініс тапқан. Бұдан бөлек актриса «Война и мир», «История монахини» , «Моя прекрасная леди» фильмдеріне түскен.
Хепберн қайырымдылықпен де айналысқан. Әсіресе өмірінің соңғы жылдарын кедей мемлекеттерде өмір сүретін балаларға көмек көрсетуге арнаған. Ол гуманитарлық көмек берумен, вакцинация жүргізумен, ауызсумен қамтумен айналысқан. Одри Хепберн француз, ағылшын, испан, итальян тілдерінде еркін сөйлеген.
Одри Хепберн 1993 жылы 63 жасында қаза тапқан. Дегенмен, актрисаның жарқын жүзі, шынайы күлкісі, сән әлеміндегі ерекше стилі, мінсіз мүсіні әлі күнге дейін көпке үлгі.