Bugin

Жүргізуші куәлігін қайта алу үшін не істеу керек

Уақыты өткен жүргізуші куәлігін ауыстыру нұсқаулығы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазіргі таңда кез келген құжатыңызды Egov.kz сайты арқылы немесе ХҚКО- арқылы реттейтінімізді бәріміз білеміз. Бірақ бұл орталықтар кейбір мәселелер бойынша қызмет көрсетпейді. Мысалы көлік және оның құжаттары бойынша АвтоЦон-дарға жүгінуге мәжбүрміз.

Күйбең тіршілікпен басы қатып жүретін мына заманда көлік иелерінің жүргізуші куәлігі уақытының өтіп кету жағдайы көптеп кездеседі. Сондай жағдайда, Алматы қаласының көлік иелері жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін қандай әрекеттер жасауы керек?

073 анықтамасы

Бірден АвтоЦон-ға баруға асықпаңыз. Алдымен тіркелген емханадан 073 анықтамасын алуы қажет (бұрынғы 083 формасы). Оны алу үшін көлік иелері невролог, терапевт, хирург, офтальмолог, нарколог, окулист, отоларингологтың алдынан өтуі шарт. Кемінде 3-4 сағат уақытыңызды осы жерде жоғалтуыңыз мүмкін.

Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз бен кем дегенде 1 дана 3х4 фотоңызды алып баруды ұмытпаңыз.

Сізге жақын АвтоЦонды анықтау

Келесі істейтін әрекетіңіз 1414 телефонына хабарласып, өзіңізге жақын АвтоЦон-ды анықтайсыз. Уақыты өтіп кеткен жүргізуші куәлігін ауыстыру бойынша мемлекеттік қызмет көрсететін АвтоЦон-ға 1 реттік құпия сөз арқылы алдын-ала кезекке тұру керек. Бұл сіздің 5 минут уақытыңызды алады. 

Міндетті құжаттар

 АвтоЦон-ға міндетті түрде өзіңізбен бірге алу керек құжаттар:

•         жеке куәлік;

•         жүргізуші куәлігі;

•         073 анықтамасы.

Соңғы қадам

Мемлекеттік баж алымды төлеуді растайтын құжат алу үшін кассаға 1,25 МРП (3646 теңге) төлейсіз. Осы құжаттарыңыз қолыңызда болса, ең соңғы әрекет - жаңа жүргізу куәлігін алу. «Жүргізуші куәліктерін беру» мемлекеттік қызметі құжаттарды тапсырған сәттен бастап 2 сағаттан аспайды.

Жүргізуші куәлігін қайта рәсімдеуге қанша уақыт пен қаржы кетеді?

Жүргізуші куәлігін алу үшін орташа есеппен 6 сағат уақытыңыз және 3646 теңгеңіз кетеді.